ДИКТОР: Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация науқаны қыркүйектің ортасында басталды. Биыл еліміздің барлық өңіріне екі миллионнан астам доза вакцина таратылды. Бұл – халықтың 10 проценттен астамын қамтуға жеткілікті. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ұсынады. Өңірдегі емханаларда иммундау қалай өтіп жатыр? Келесі сюжетте.

РКС: Күз бен қыс мезгілінде тыныс жол ауруларының көбеюі қалыпты құбылыс. Қазір әр қазақстандықтың өз денсаулығына алдын ала қам жасауға мүмкіндігі бар. Ол үшін небәрі 10–15 минут жеткілікті. Емханаларда вакцинациялау жалғасуда. Дәрігерлер кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, вакцина асқынулардың алдын алып, ауруды әлдеқайда жеңіл өткеруге көмектеседі. Красный Яр ауылындағы емханада 15 мыңнан астам тіркелген тұрғынға қызмет көрсетіледі.

СНХ: ЖАДЫРА ТӨЛЕБЕКОВА, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен осы емханада тіркелгенмін. Мұнда тұмауға қарсы екпе алдым. Яғни, бұл вакцина аурудың салдарын жеңілдету үшін қажет. Вакцинадан кейін ешқандай жанама әсер болған жоқ. Енді қыс мезгілі мен үшін жеңіл өтеді деп үміттенемін.

РКС: Екпені алдымен жұқтыру қаупі жоғары азаматтар алуда. Олар – медицина қызметкерлері мен педагогтар, балалар, әскери қызметшілер, қарттар мен жүкті әйелдер. Мамандардың болжамынша, препарат құрамына күз-қыс мезгілінде таралатын тұмаудың үш штаммы енгізілген.

СНХ: ІЛИЯС МҰҚАЖАНОВ, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕРІ: Бізде вакцинация 6 айлық нәрестелерден бастап, 65 жастағы адамдар аралығында қойылады. Бұл тұмауға қарсы вакцина. Жалпы оның эффекттері 1-ші, 2-ші күнде болуы мүмкін. Ол бізде жөтел, температура көтерілуі мұмкін. Бірақ та көбінесе вакцинаны дені сау адамдар алып жатады. Көбінесе тұмауға қарсы вакцинаның жаңама әсерлері болмайды. Бізге тәуекел топтағы кісілер бар. Жыл сайын осы жұқпалы ауруларымен, тұмаумен, ОРВИ-мен ауыратын науқастар бар. Олар күздің алғашқы айларында келіп, 15 қыркүйектен басталды ғой. Қыркүйек пен қазан айлары аралығында келіп, тегін вакциналулары рұқсат етілген.

РКС: Вакцинация эпидемиологиялық маусым бойы жалғасады. Иммунитет шамамен бір жарым аптада қалыптасып, әсері бір жылға дейін сақталады, -дейді дәрігерлер.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ