ДИКТОР: Еліміздің білім беру ұйымдарында оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмысы күшейтілуде. Кәсіби диагностика жүргізіліп, ол оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Техникалық және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыруға ерекше назар аударылуда. Өңірде бүгінде 1700-ден астам оқушы білім алатын 70 профильдік сынып жұмыс істейді. Осындай сыныптардың біріндегі оқу процесі туралы шараға қатысып келген тілші баяндасын.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Көкшетау қаласындағы №11 мектепте кәсіби бағдар беру жұмысы ең кіші сыныптардан басталады. 5-6 сынып оқушылары қазірдің өзінде криминалистиканың негіздерімен таныс. Дәл қазір олар саусақ іздерін алуды үйреніп жатыр. Мұндай оқыту форматы оқушылардың назарын шоғырландыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және заң саласындағы мамандықтарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Көпшілігі қазірдің өзінде болашақ кәсібін анықтап, осы бағытта білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.

СНХ: ИНСАР КЕҢЕС, №11 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен «Жас сақшы» әскери-полицейлік сыныбында оқимын. Бұл сыныпта оқып жүргеніме бір жыл болды, және бұл жыл мен үшін өте әсерлі өтті. Жазда бізге мемлекет басшысымен кездесу бақыты бұйырды. Полиция күніне арналған шарада саппен жүріп, ән орындадық. 11-сыныпты бітіргеннен кейін Қарағанды полиция академиясына түсу – менің арманым. Бұрын ол жерде болып, естелікке суретке түсіп үлгергенмін.

РКС: Бастауыш сыныптардан бастап-ақ оқушылар Ішкі істер министрлігі және Қарулы күштер жүйесіндегі жоғары оқу орындарына түсуге қажет базалық білім мен дағдыларды меңгереді. Сабақтарды жиі құқық қорғау органдары мен әскери құрылымдардың өкілдері өткізеді. Бұл оқушыларға болашақ мамандықтың ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

СНХ: АЛИЯ ЖЕҢІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА КРИМИНАЛИСТІ: Бүгін №11 мектептің 6-сынып оқушыларымен сабақ өткіздік. Оларға криминалистика мамандығы туралы, криминалистің кім екені және оның немен айналысатыны жөнінде айтып бердік. Біз бұл мектеппен екі жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Сабақтар ай сайын өткізіледі.

РКС: Бұдан бөлек, оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша маңызды тәжірибелік дағдыларды меңгереді. Олар үшін арнайы әскери-медициналық сыныптар ұйымдастырылған.

СНХ: МИЛАНА МИХЕЕВА, №11 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Біз медициналық білім негіздерін үйреніп жатырмыз. Менің ойымша, бұл сабақтар – болашақ үшін аса маңызды. Себебі мұнда алған білім мен дағдылар өмірде үлкен пайдасын тигізеді. Алдағы уақытта мен өз өмірімді медицина саласымен байланыстырғым келеді.

РКС: Айта кетейік, №11 мектеп-гимназиясында оқушыларды ерте кәсіби бейімдеу жұмысы 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта мұнда үш бағыт бойынша профильдік сыныптар жұмыс істейді.

СНХ: БОТАГӨЗ ҚОСАҚАЕВА, №11 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл бағыттарға «Жас сақшы» деп аталатын полиция сыныбы, медицинаға бейімделген әскери-медициналық сыныптар, сондай-ақ әскери-спорттық бағыттағы сыныптар жатады. Барлық осы сыныптарда криминалистика, әскери өнер тарихы, топография сияқты арнайы пәндер оқытылады. Оқушылар жас кезінен-ақ болашақ мамандығын таңдауға бағыт алады.

РКС: Бағдарламаның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ерте кәсіби бағдар және патриоттық тәрбие беру. Оқушылардың бойында тәртіп, жауапкершілік пен топпен жұмыс істеу дағдылары қалыптасады. Профильдік сыныптар оқушыларға тек болашақ мамандығын таңдауға ғана емес, сонымен қатар белсенді азаматтық ұстаным мен Отанға қызмет етуге деген ұмтылысты қалыптастыруға көмектеседі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ