ДИКТОР: "Ауыл аманаты" мемлекеттік жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Жарқайың ауданында да бұл бағдарлама өз нәтижесін беруде. Бүгін біз өз ісін сүйіспеншілікпен дамытып, туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген екі кәсіпкердің табыс тарихымен танысамыз.

РКС: Юрий Ипатовтың есімі Державинск тұрғындарына жақсы таныс. Оның отбасы 1990-жылдардан бері тұрмыстық техника, шаруашылық тауарлары және жиһаз сатумен айналысып келеді. Бірнеше жыл бұрын кәсіпкер жаңа бағытты қолға алып, жұмсақ және корпустық жиһаз өндіретін цех ашты. Мұнда бүгінде төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жаңа станоктар сатып алған.

СНХ:ЮРИЙ ИПАТОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Жақында біз корпустық жиһаз өндіруді бастадық. Бұдан бөлек, сатумен және орнатумен де айналысамыз. Бұған бізді «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу ынталандырды. Бұл бағдарлама кәсіпкерлер үшін өте тиімді.

РКС: Сондай-ақ, жарқайыңдық жас кәсіпкер Бақтияр Байділдин де, өз арманын жүзеге асырып, мерекелік студиясын ашты. Ол мемлекеттік гранттар конкурсының жеңімпазы атанып, алған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен безендіру материалдарын сатып алған. Жас кәсіпкердің ісі бүгінде аудан халқы арасында танымал.

СНХ: БАХТИЯР БАЙДІЛДИН, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Биыл кәсіпкерлерге қолдау тарапынан грантқа ие болдым.Оны әлеуметтік желіден көріп, отбасымызбен шағын бизнес ашуға бел будық. Осындай қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке рахмет.

РКС: Юрий Ипатов пен Бахтияр Байдильдиннің ісі – ауылдағы кәсіпкерліктің жанданып келе жатқанының айғағы. Бірі – өндіріс саласын дамытып, енді бірі – қызмет көрсету бағытын өркендетуде. Екеуін де біріктіретін қасиет – еңбекқорлық пен туған жерге деген сүйіспеншілік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Жарқайың ауданында жаңа мүмкіндіктер ашылып, тұрғындардың өмір сапасы артып келеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ