ДИКТОР: Көкшетауда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанынан зейнет жасындағы адамдарға арналған театр үйірмесі ашылды. Жаңа бағыт қатысушыларға шығармашылық қабілеттерін ашуға, есте сақтау мен зейінді дамытуға, ең бастысы - жаңа достар тауып, белсенді өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді.

РКС: Театр үйірмесін ашу идеясы орталыққа келушілердің өтініштері арқылы жүзеге асқан. Олардың көбі жастық шағында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, Енді сүйікті істеріне қайта оралуды ұйғарған. Ал кейбірі сахнаға алғаш рет шығып отыр.

СНХ: ВАЛЕНТИНА СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен ұзақ өмір сүру орталығына іс жүзінде алғашқы күндерінен бастап келемін. Түрлі үйірмелерге қатысамын, ал театр студиясы немесе театр қауымдастығы ашылғанда, бірден қызығушылық тудырды. Мен мұғаліммін, ал мұғалімдер — аздап әртістер ғой. Сондықтан да өзімнің өмірлік әрі мектептегі тәжірибем басқа жерде кәдеге жарай ма деген ой келді. Театр — бұл өзіңді танытудың, шығармашылық қабілеттеріңді жүзеге асырудың, жақсы әрі қызықты адамдар ортасында болудың бір мүмкіндігі. Әрқайсысының өз тарихы бар, және әркім сол таныс оқиғаны театрлық әрекет арқылы өзінше көрсетеді. Бұл өте қызықты, тартымды және, психологтардың айтуынша, денсаулыққа да пайдалы.

РКС: Белсенді ұзақ өмір орталығына Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің «Жауқазын» халық театрының қатысушылары келді. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, алғашқы репетицияларды ұйымдастыруға көмектесіп, егде жастағы жаңадан бастаған актерлерге қолдау көрсетті.

СНХ: ТЕМІРБАЙ НҰРСҰЛТАН, СТУДЕНТ: Осы біздің тәжірибе алмасуымыз бізге көп нәрсені үйретті. Мысалы, үлкен кісілермен бірге жұмыс істеу арқылы образға тереңірек еніп, рөлді шынайы сезінуді үйрендік. Олар бізге өз ақылдарын айтып, тәжірибелерімен бөліседі. Мен бүгінгі қойылымда Шоқан Уәлихановтың рөлін орындаймын.

РКС: Үйірменің алғашқы қойылымы эксперименталды модерн стилінде өтті. Мұндай форматты қатысушылар өздері таңдаған. Ол эмоцияларды еркін түрде жеткізуге мүмкіндік береді.

СНХ: БАҒДАТ АХМЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізге осы орталықты ашып берген адамға үлкен рахмет. Біздің мақсатымыз да осы — осында келіп, өміріміздің әр кезеңін жалғастырып, өзімізге деген сенімімізді арттырып, белсенді өмір сүру. Денеміз шынығып, көңіл күйіміз көтеріліп жүреді. Алла Тағала осындай орталық ашып берген адамдарға разы болсын. Бұл жерге келгелі бері түрлі үйірмелер ашылды, соның ішінде театр да бар. Біз сол театрға өз қалауымызбен, сүйіспеншілікпен қатысып жүрміз. Қазір «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» қойылымын сахналауға дайындалып жатырмыз.

РКС: Мұндай бастамалар орталық үшін игі дәстүрге айналып келеді. Шығармашылық -өмірді жарқын өткізуге және шабытты өзгелермен бөлісуге деген ниеттен басталады.-дейді театрға қатысушылар. Алдағы уақытта ұжымның жетістіктеріне байланысты қатысушылар Қазақстанның басқа өңірлерінде де өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ