ДИКТОР: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Додескадэн» қойылымының премьерасымен кезекті театр маусымын ашты. Бұл театр қызметінің 29-шы жылы. Театрдың жаңа маусымының ашылуына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Өнер ұжымының алған марапаттары хабарланып, қала мәдениетіне қосқан зор үлесі ерекше аталды. Театр қабырғасында құрылған қуыршақ театры бұған дейін «Үздік дебют» номинациясын жеңіп алған еді, ал осы жолы қаржылай сертификатқа ие болды. Жаңа маусымның ашылуымен тұспа-тұс келген 85 жасқа толған мерейлі туған күнінде театр анасы, сахна саңлағы Жібек Бағысова Мемлекет басшысының алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

РКС: Жаңа туынды – Жапонияның атақты кино режиссері Акира Куросаваның әйгілі кино сценарийі негізінде сахналанып, алғаш рет театр көрерменіне жол тартты. Қойылымды қою үшін режиссер арнайы Қырғызстаннан шақыртылды. Шығарманы қазақ тіліне Серік Жетпісқалиев аударды.

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІ: Шығарманың көтеретін тақырыбы өте ауқымды. Адамзатқа ортақ әлеуметтік мәселелер, жан күйзелісі, жаны жабырқаған адамдардың ішкі күйі бейнеленеді. Қойылымның бір ерекшелігі бұл жалпы барлық жерлерде қойылып жататын камералық театр үлгісінде қойылған. Бұл жерде көрермен де, кейіпкерлер де, барлығы сахнада біртұтас болып отырады.

РКС: Түрлі тағдырлар тоғысқан қалашық басты кейіпкердің қолында. Әр кейіпкердің өз өмірі, өз арманы бар. Бұдан шығатын мораль – адамды адам өзгерте алмайды. Қоғамды жақсы жаққа бұруға тек әрбір жеке адам қабілетті. Бұл қойылым көрерменге тек сахналық оқиға ғана емес, ой салып, жүректі қозғайтын философиялық жол көрсетеді. Әр көрермен өзінен бастау алатын өзгерісті сезінеді, өз өміріндегі кішкентай қалашыққа жауапкершілікпен қарайды.

СНХ: ЖАЛҒАС ТҰЙҒЫНБЕКОВ, ДОДЕСКАДЕН РӨЛІН СОМДАУШЫ: Бұл кейіпкер басқа адамдар сияқты емес өте ерекше кейіпкер. Өзінің бойында қиялы бар, сурет салатын, суретші кейіпкер. Қоғамдағы енді бар нәрселердің, бар қара нәрселердің барлығын осы театрдың сахнасына кейіпкерлер арқылы алып шықтық деп ойлаймыз. Додескаденнің қиялындағы қалашық. Менің қиялымдағы қалашық. Менің ойымнан құрастырылған кейіпкерлер. Мен әлемді, ортаны жақсы қылғым келді, бірақ та өкінішке орай қоғам ол нәрсеге мүмкіндік бермеді.

РКС: Қойылым көрерменге тек әлеуметтік мәселелерді ғана емес, олардың тереңінде жатқан адам жанының нәзік қалтарыстарын, рух күйзелісі мен жаралы көңілдің ішкі қақтығысын әсерлі жеткізді. Сыңғырлаған трамвай мен қатысушылардың ішкі даусы үндесіп жатқандай. Мұнда күнделікті өмірдің ыстық-суығы, үнсіздік пен үміт арасындағы жан айқайы айқын сезілді. Додескадэн – жүректің үні, тіршіліктің соғысы!

СНХ: ЖӘНІБЕК БЕРДІМҰРАТ, КӨРЕРМЕН: Жаңағы отбасының ішіндегі жанжал, ажырасу, тұрмысы төмен отбасылар, бай мен кедей арасындағы тартыс, түрлі-түрлі тақырыптар көрініс берді. Өңірдегі өрескел жағдайларға жол бермеу, соны қайталамау, сабақ алу деген сияқты үлкен бір тебіреністе тұрмыз.

РКС: Қойылым соңында көрермендер әртүрлі әсерде қалды. Біреу жымиып, біреу ойға шомып, біреу ішкі толғанысын сезді… Әркімнің қабылдауы әртүрлі, бірақ бұл бәрінен бөлек, тың дүниеге көз ашқан сәт болды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ