ДИКТОР: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай өңірлік төтенше жағдайлар департаменті арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Ақпарат құралдарының тілшілері құтқарушылардың қызметін күшейтуге бағытталған жаңа техника үлгілерімен танысып, сондай-ақ, алдын алу шараларына арналған рейдке қатысты.

РКС: Шара Көкшетаудағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өтті. Мұнда бұқаралық ақпарат өкілдеріне төтенше жағдай кезінде адамдарға жедел көмек көрсету мен өртті сөндіруде қолданылатын заманауи техника мен құрал-жабдықтар таныстырылды. Айта кетейік, соңғы жылдары төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарып келеді. Құтқарушылардың пайдаланылуына жаңа үлгідегі өрт сөндіру көліктері, жоғары өтімді техника, иыққа асылатын өрт сөндіргіштер мен заманауи құтқару жабдықтары берілуде.

СНХ: ӘДІЛЕТ СЕРІК, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІСІНІҢ КӨМЕКШІСІ: Жол картасы аясында биыл жергілікті атқарушы органдардың есебінен қосалқы 5 жеңіл автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ биыл лизинг арқылы республикалық бюджеттен 870 миллион 909 мың теңге бөлініп, 13 негізгі және арнайы өрт сөндіру техникасын алуға бағытталды. Оның ішінде 6 автоцистерна мен 2 сорғы-жеңді автокөлік бар.

РКС: Бұдан бөлек, ақпарат саласының өкілдері өрт қауіпсіздігі айлығының екінші кезеңі аясында өткен профилактикалық рейдке қатысып, құтқарушылардың жұмысымен танысты. Рейд барысында мамандар жеке тұрғын үйлерді аралап, мұржаларды тазалау және көмірқышқыл газының датчиктерін орнату жұмыстарын жүргізді.

СНХ: РУСЛАН МОЛДАҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Облыс аумағында қыркүйектің 16-нан қазанның 16-сына дейін өрт қауіпсіздігі айлығының екінші кезеңі өткізілуде. Бұл шара аясында тұрғындарға жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Әсіресе әлеуметтік жағынан осал отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың үйлерінде көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатылып, мұржалар тазаланып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына мән беріледі.

РКС: Биыл облыс аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында улы газ бен түтіннің қауіпті мөлшерін анықтайтын 898 арнайы датчик орнатылды. Бұл құрылғылар апатты жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарды дер кезінде ескертуге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар, әсіресе, пешпен жылытылатын және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар тұратын үйлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ