ДИКТОР: Көкшетауда «Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» тақырыбында агрохакатонның аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Шара барысында мектеп оқушылары мен колледж студенттері өздерінің жобаларын ұсынды.

РКС: Агрохакатонның басты мақсаты – жастарды аграрлық сектор, медицина және экология салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған, өмір сапасын арттыруға ықпал ететін инновациялық идеяларды әзірлеуге және ілгерілетуге ынталандыру. Шара аясында тәжірибе алмасу, кәсіби білімді тереңдету және практикалық шешімдер ұсыну үшін тиімді диалог алаңы құрылды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АНАР АЯПБЕРГЕНОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Қазіргі уақытта балаларға бұл өте актуалды. Неге десеңіз, қазір балалар өте ақылды, болашақта Қазақстанға өздерінің еңбектері сіңеді деп ойлаймын. Тек ғана агро сала деп айтқан жоқпыз. Өздерінің қандай ой-пікірлері бар, қандай идеялары бар соны көрсетуге тырысыңдар деп айттық.

РКС: Шара барысында «ARTISAN EDUCATION» орталығының өкілдері қатысушыларға арнайы жобаларын ұсынып, технологиялық және электрондық мүмкіндіктерімен бөлісті. Орталық өкілдері мұндай шараларды тек Астана мен Көкшетау қалаларында ғана емес, республикалық деңгейде де өткізуге жоспарлап отыр.

СНХ: ӘЛИЖАН САПАРАЛИЕВ, «ARTISAN EDUCATION» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ: Біздің идея балаларды электроникаға жетелеу және электрониканы үйрету. Бұл жерге келген себебіміз агрохакатонға қатысу және агрохакатонның қалай болып жатқанын, балалардың жобаларын көру. Бұл жай ғана хакатон емес, бұл балалардың жасаған жобалары, яғни келешекте көптеген мүмкіндіктерін береді. Әр баланың өзінің идеясын жасау, ол идеяны ойлап табу – өте үлкен процесс. Және бұл болашақта елді дамытуға, жалпы мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосады деген ойдамыз.

РКС: Степногорск қаласынан келген қатысушылар елімізде экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобасын ұсынды. Олардың айтуынша, мұндай жоба арзан әрі тиімді болады.

СНХ: ВЛАДИМИР АЛИБАЕВ, АГРОХАКАТОНҒА ҚАТЫСУШЫ (СТЕПНОГОРСК): «Aqua Wood» жобасы – бұл аквариум емес, қалаларда орналастырылатын фотобиореактор. Ол ауаны ағаштарға қарағанда 400 есе тиімді тазарта алады. Біз Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жобаны ұсындық. Мұндай жоба тек бір рет Сербияда пайда болған, біз сол идеяны алып, дамытып, Қазақстанға бейімдедік. Жобамыздың артықшылығы – оның шынымен өзектілігі. Бүгінде Қазақстанда шешуді талап ететін үлкен мәселе бар – бұл ауаның ластануы. Біздің жоба осы мәселеге бағытталған және оны ең тиімді шешу жолдарының бірі болып табылады.

РКС: Іріктеу кезеңінде жүлделі бірінші орынды «Болашақ» сарайы мекемесінің «Forest Fire Forecast System» жобасы иеленді. Екінші орынға Көкшетау көпсалалы инновациялық колледждің «Print Matter» және «Болашақ» сарайының «Инновациялық жылыжай жүйесі: екі кеңестікте бір өмір» жобалары жетті. Жүлделі үшінші орынды Степногорск қаласының №4 «Болашақ» облыстық арнайы мектеп-лицей-интернатының «Aqua Wood» және «Болашақ» сарайының «Green Bottle» мен «Энергия из шагов» жобалары иеленді. Аталған құрамалар қазан айының соңында Астана қаласында өткізілетін агрохакатонның республикалық кезеңіне қатыспақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ