ДИКТОР: Щучинск қаласында «Бармашино» қосалқы станциясының қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жүргізілген жаңарту нәтижесінде нысан қосымша энергия көзіне қосылды. Бұл өз кезегінде шағын аудан тұрғындарын электр қуатымен үздіксіз әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

РКС: Бурабай ауданының әкімі Арай Садыков жаңартылған «Бармашино» қосалқы станциясында болды. Бір аттас шағын ауданға жарық беретін бұл нысан толықтай қайта жаңғыртудан өтті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қосалқы станцияның қуаттылығы артты, соның арқасында электрмен қамтудың сапасы мен сенімділігі айтарлықтай жақсарды.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгін Бурабай ауданы мен Щучинск қаласы үшін айрықша маңызды күн. Себебі жаңартылған «Бармашино» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Бұл нысан «Бармашино» шағын ауданының тұрғындарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді. Аталған аумақта 25 көпқабатты тұрғын үй, мыңнан астам жеке үй, 82 шағын және орта бизнес нысаны, сондай-ақ №18 және №20 қалалық қазандықтар орналасқан. Айта кету керек, біз бұл аймаққа кешенді түрде назар аударып отырмыз. Қосалқы станцияны жаңғыртумен қатар, мұнда жолдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, кәріз және су жүйелері ретке келтірілді. Электрмен қамтудың сенімділігін арттыру бағытында да жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

РКС: Мамандардың айтуынша, реконструкцияға дейін қосалқы станция тек бір трансформатор мен бір ғана қуат көзі арқылы жұмыс істеген. Енді жаңғыртудан кейін нысан бірден екі бағыттан – «Щучинская» және «Бурабай» қосалқы станцияларынан қуат алады.

СНХ: ӘЖІБЕК АБРАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» ЖШС ЖОҒАРЫ КЕРНЕУЛІ ЖЕЛІЛЕР ЖӨНІНДЕГІ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 35 киловольттық «Щучинск–Бурабай» желісі бойында біз қосалқы станцияға кіріс және шығыс бөлігіне бөлек қосылым жасадық. Соның арқасында бүгінде бұл станция екі дербес қуат көзімен қамтылған. Бірі – 110−35−10 киловольттық «Щучинская» қосалқы станциясы, екіншісі – 35−10 киловольттық «Бурабай» станциясы. Бұл шешім нысанды толық резервтік қуат көзімен қамтамасыз етіп отыр. Яғни қандай да бір желіде ақау болған жағдайда, екінші бағыт арқылы электр беру автоматты түрде жалғасады. Осылайша тұрғындар жарықсыз қалмайды, ал электрмен қамту жүйесі әлдеқайда тұрақты және сенімді бола түсті.

РКС: Жобаның құны 500 миллион теңгеден асты. Атқарылған ауқымды жұмыс қаланың энергия жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін едәуір арттырды. Сондай-ақ бұл жоба Щучинск пен Бурабай ауданының инфрақұрылымын одан әрі дамытуға серпін берді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ