ДИКТОР: Атбасар ауданы тұрғындары қолданыстағы тұрғын үйлердің сапасы, көпір мен жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау және жылумен қамту жобалары, медицина тапшылығы бойынша қордаланған мәселелерді облыс әкімі Марат Ахметжановқа жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы астық жинау науқанының барысы мен көктемгі су тасқынына дайындық, әлеуметтік саладағы өзгерістерді де сөз етті.
РКС: Атбасарлықтарды толғандыратын басты мәселе – су тасқыны. Себебі, жыл сайын тұрғындардың баспанасы суға кететін. Облыс әкімі биыл дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде елдімекенде су тасқыны орын алмағанын атап өтті. Алдағы дайындық туралы мәселе де көтерілді.
СНХ: МАРАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МОБИЛИЗАЦИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Атбасар ауданында су тасқынына қарсы 30 іс-шара жоспарланды. Шара 19 елді мекен мен 3 автожол учаскесін қамтиды. Садовое және Сепе-1 бөгеттері қалпына келтірілді. Қауіпті аймақтарда 5,8 шақырым қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, 6,3 шақырым арық пен каналдар тазартылды. Ең бастысы – Жабай өзенінің арнасын кеңейту мен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді.
РКС: Облыс әкімі Марат Ахметжанов жауапты мекемелерге көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтуді тапсырды. Әсіресе Жабай өзенінің арнасы мен Сейфуллин сайы арқылы өтетін еріген қар суларын бақылауда ұстау маңызды. Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, су басқан аймақтардан 70 отбасы жаңа үйлерге көшірілді. Дегенмен, Атбасардағы кейбір жаңа тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Әсіресе өткен жылы әлеуметтік осал топ орналасқан 100 пәтерлі үйдің мердігері әлі күнге дейін анықталған ақауларды жоймаған. Облыс әкімі аудан басшылығына он күн ішінде бұл мәселені шешуді тапсырды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір аудан аумағында жиналатын барлық салық пен табыс жергілікті бюджетте қалады. Әр елдімекен бюджет комиссия мен халық таңдаған депуттар бар. Бұл децентрализацияның нәтижесі. Енді әкімдер өңір экономикасын көтеруге, инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға жауапты. Себебі енді әкімдердің жұмысы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарап бағаланатын болады.
РКС: Кездесу барысында тұрғындар Магдалиновка ауылына апаратын Есіл өзені үстіндегі көпірдің жағдайын және жолдарды жөндеу жұмыстары мен жаңа медициналық нысандардағы маман тапшылығы бойынша мәселелерді көтерді. Облыс әкімі әр мәселе бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ