ДИКТОР: Көкшетауда жаңартылған «Көк Шалғын» қоғамдық кеңістігінің ашылу салтанаты өтті. Ұзындығы бір жарым шақырымды құрайтын жаңа саябақ «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінен басталып, Қопа көлінің жағалауына дейін жалғасады. Аллеяда көпжылдық ағаштар мен гүлдер отырғызылып, демалыс пен серуенге арналған орындықтар, сәндік субұрқақтар орнатылған. Шаһарға жаңа тыныс сыйлаған «Көк шалғын» аллеясының ашылу салтанаты туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Мерекелік бағдарлама «Мәңгілік алаудан» бастау алды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов қала тұрғындарын көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтап, алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысының айтуынша, қалада қуанышқа толы игі бастамалар мұнымен шектелмейді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Музыкалық Арбатта» ансамбльдер мен оркестрлер өнер көрсетіп, суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Балаларға арналған аквагрим мен шығармашылық алаң жұмыс істеді. Илигай ансамблінің өкілдері Көкшетаудың абаттандырылып жатқанын қуанышпен атап өтіп, «Көк шалғын» жобасының ашылуы Қарттар күнімен тұспа-тұс келгенін ерекше мәнге ие оқиға деп бағалады.
СНХ: ГҮЛБАРАМ ҚАЗЖАНОВА, «ИЛИГАЙ» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ: Көкше театрынан бастап жағалауға дейінгі ашылған жерді көрсеңіздер көзің тоймайтындай тамаша көрініс, өте қуаныштымыз. Әкімге өте ризамыз. Үлкендерді сыйлап, қарттарға осындай жақсылықтар жасап жатқанына біз өте қуаныштымыз.
РКС: «Ару аналар» қоғамдық бірлестігі шеберлік сабағын ұйымдастырды, ал этнолокацияда фольклорлық ансамбльдер қазақтың халық әндерін орындады. Қонақтар қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен суретшілердің туындыларын тамашалады. Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдинов ескерткіштері жанында музей экспозициясы мен жас барабаншылардың өнері ұсынылды. Жобаның авторы Роман Шнайдерман «Көк шалғын» кеңістігінің қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, бұл бастамаға бар күш-жігерін жұмсағанын жеткізді.
СНХ: РОМАН ШНАЙДЕРМАН «КӨК ШАЛҒЫН» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: Бұл жобада жаңа әрі сапалы материалдар қолданылды. Жолдарға мықты брусчатка төселіп, сәнді шамдар қойылды. Олар қаланың көркін ашып тұр. Аллея бойына ағаштар егілді, сонымен қатар көпжылдық бұталар отырғызылды. Біржылдық өсімдіктерге қарағанда олардың пайдасы көп: уақыт өткен сайын жайқалып өседі, қырқып қалыпқа келтіруге болады, жапырақтарының түсі де әртүрлі. Соның арқасында жасыл желек ерекше әдемі көрініс береді. Мұндай орындар адамдарды жақындастырады. Тұрғындар осында келіп, бір-бірімен араласады, өз қаласына деген сүйіспеншілігі артады. Ең бастысы - мұндай кеңістіктерде әркім үйден тыс жерде жайлы отырып, жақсы уақыт өткізе алады.
РКС: «Көк Шалғын» аллеясының негізгі бөлігі — «Тәуелсіздік» алаңы. Мұнда Шәмші Қалдаяқовтың әуенімен 100-ден аса жұп жаппай вальс биледі. Сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған театрландырылған қойылым ұсынылды. Мерекелік шараның қорытындысы ретінде «Шай ішейік Fest» фестивалі ұйымдастырылды. Қонақтарға 1000 литр хош иісті шәй мен ұлттық тағамдар ұсынған бұл фестиваль Гиннес рекордтар кітабына енгізілді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ