ДИКТОР: Балалардың отпен ойнауы, бейқамдығының соңы үлкен өкінішке әкеледі. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің статистикасына сәйкес, республика көлемінде орын алатын барлық өрттің 1,5 проценті кәмелетке толмағандардың абайсыздығынан орын алады. Осы аптада мұндай жағдай Көкшетау қаласында да тіркелді.

РКС: Балалар табиғатынан қоршаған ортаға деген қызығушылығы жоғары, түрлі эксперименттер жасап, зерттеуге құмар келетіні анық. Балалардың отпен ойнамауын қадағалау өте маңызды. Көкшетау қаласында екі тәулік ішінде 4 өрт оқиғасы тіркелді. 2 жағдайда өрттің шығуына балалардың отпен ойнауы себеп болған. Екі шақыруға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 10-нан аса техника мен 40-қа жуық адам жұмылдырылды.

СНХ: РУСЛАН МОЛДАҒҰЛОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Бірінші жағдайда, көп пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты, онда өрттің себебі балалардың отпен ойнауы болды. Атап айтқанда, 4-ші қабаттағы балконда орын алып, ондағы жанғыш материалдар өртенді. Екінші жағдайда 5 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйде болды. Өрт 4—ші қабаттағы пәтерде орын алды. Өрттің себебі балалардың отпен ойнауы болды. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған бала бөлмеде үй заттарын өрттеген.

РКС: Екі оқиғада да зардап шеккендер болған жоқ. Құтқарушылар балалар және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Осы фактілер бойынша істер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес шешім қабылдау үшін қалалық полиция басқармасына жіберілді. Өрт абайсыздықты кешірмейді, сондықтан ата-аналарға балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды қараусыз қалдырмау, ерте жастан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.