ДИКТОР: Щучинск қаласында каратэ-до кёкушинкайдан Қазақстан кубогы өтті. Жарысқа жасөспірімдер, жастар және ересектер қатысып, спортшылар кумитэ мен ката сайыстарында бақ сынады. Додаға еліміздің 16 өңірінен келген спортшылар қатысып, жалпы саны 700-ге жуық адамды құрады.

РКС: Турнир екі күнге созылады. Алғашқы күні әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасын жасақтау үшін іріктеу жекпе-жектері өтті.

СНХ: МҰХТАР ЖОЛДАСОВ, КЁКУШИНКАЙ КАРАТЭ-ДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінде Алматы, Астана қаласы, Ақмола облысы секілді қарқынды дамыған, мықты өңірлер бар. Сондай-ақ Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласы да күшті өлкелердің қатарына жатады. Сондықтан да бәсекелестік жоғары деңгейде өтті. Кеше өткен іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасына 12 өңірден спортшы келгеніне өте қуаныштымын. Бұл ұлттық құрамада лайықты әрі мықты құрам болады деп ойлаймын. Сонымен қатар осы Қазақстан кубогын ұйымдастыруға зор үлес қосқан Ақмола облыстық федерациясының еңбегін ерекше атап өткім келеді.

РКС: Алдыңғы жылы Польшада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Желтоқсанда спортшыларды жаңа сын күтіп тұр. Эр-Риядта өтетін әлем біріншілігінде команда тағы да елдің туын биікке көтеруді мақсат етуде.

СНХ: ӘЛЕМГҮЛ ШӘЙКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КЁКУШИНКАЙ КАРАТЭ-ДО ФЕДЕРАЦИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Айта кетерлік жайт, Ақмола облысында 7 жаттықтырушы, 10-нан аса жаттығу орны бар. 500-ден астам шәкірт пен спортшы дайындалады. 27 қыркүйекте өткен әлем чемпионатының іріктеу турнирінде 7 спортшымыз жолдама алды. 11–13 желтоқсанда Сауд Арабияның Эр-Рияд қаласында өтетін әлем чемпионатында еліміз бен облысымыздың намысын қорғайтын болады. Ақмола облысына ауқымды турнирлер мен маңызды жарыстарды өткізу мүмкіндігі – біздің аймақ үшін зор жетістік. Бұл арқылы өңірімізді танытамыз.

РКС: Турнир барысында қатысушылар техникасын, жылдамдығын және жекпе-жек жүргізу стратегиясын көрсеткен қарқынды жұптық шайқас өтті.

СНХ: СНЕЖАННА АНУПОВА, ҚАТЫСУШЫ: Мен Қазақстан Республикасының құрамасындамын. Сауд Арабияның Эр-Рияд қаласында 11–13 желтоқсан күндері өтетін әлем чемпионатына іріктеуден өттім. Қазір осы турнирге қызу дайындық басталды. Бұл жарыс біз үшін өте маңызды. Бұл барлық спортшылар үшін аса маңызды турнир, себебі мұндай деңгейдегі додаға қатысуды бәрі армандайды. Маған турнирдің ұйымдастырылуы қатты ұнайды. Барлығы үйлесімді, бәрі бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесіп жатыр. Жалпы, турнир жоғары деңгейде өтуде.Біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетуде. Мен бұл спорт түрімен11 жылдан бері айналысып келемін. Маған каратэ өте қатты ұнайды. Өйткені ол ағзаға қажетті физикалық жүктеме береді. Сонымен қатар, түрлі қалаларға шығып, жаңа жерлерді көруге мүмкіндігіміз бар.

РКС: Спаррингтерден бөлек, турнирде спортшылар қимылдардың нақтылығын, техникасын және орындау шеберлігін паш еткен «ката» дисциплинасы бойынша да жарыстар болды.

СНХ: ВЛАДИМИР НИКИФОРОВ, ҚАТЫСУШЫ: Мен 5 жасымнан бері спортпен айналысамын. Ал «ката» дисциплинасымен 2022 жылдан бастап шұғылданып келемін. Республикалық деңгейдегі жарыстарға бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазақстан чемпионатында да жетістіктерім бар. Биылғы додада екінші орын иеленіп, Эр-Риядта өтетін әлем чемпионатына жолдама алдым. Енді халықаралық аренада еліміздің намысын қорғаймын. Әрине, кез келген жарыста уайым болады. Әсіресе финалдық жекпе-жектер алдында толқу сезіледі. Бірақ тәжірибелі спортшы бұл сезімді жеңіп, алаңға өзіне деген сенім мен сабырлықты қатар ұстаған дұрыс.

РКС: Ұйымдастырушылар турнирдің жоғары деңгейде өткенін және қатысушылардың кәсіби шеберлігін атап өтті. Нәтижесінде ұлттық құраманың тізіміне 12 облыстан және республикалық маңызы бар үш қаладан спортшылар келді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.