ДИКТОР: Жыл он екі ай бойы мектеп ауласында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ететін жан бар. Қуанбай Қожахметов – Красный яр ауылының №1 мектебінде жеті жылдан аса аула сыпырушы болып еңбек етіп келеді. Оның еңбегі көзге көп көріне бермегенімен, онсыз білім ордасының жайлылығы мен тәртібін елестету мүмкін емес. Күн сайын адал еңбегімен нанын тауып жүрген еңбек адамы туралы келесі бейнематериалдан көріңіздер.

РКС: Қуанбай Қожахметов әр күнін оқушыларды таза, жинақы оқу ордасында қарсы алудан бастайды. Қыста – мектеп ауласын қардан тазалайды, күзде –жапырақтарды жинайды, көктем-жаз айларында ауланың әрдайым ұқыпты болуын қадағалайды. Ал мектеп ғимаратына жазылған жазуларды өшіріп, қабырғаларды әркез таза ұстау үйреншікті жұмысқа айналған.

СНХ: ҚУАНБАЙ ҚОЖАХМЕТОВ, АУЛА ТАЗАЛАУШЫ: Мен бұл мектепте жеті жылдан бері жұмыс істеп келемін. Оған дейін өзім тұрған ауылда еңбек еттім. Күзетші де болдым, механизатор да болдым. Қазіргі жұмысымда бәрі көңілімнен шығады, ұжым да ұнайды, басшылық та жақсы.

РКС: Кейіпкеріміз бос уақытын белсенді өткізгенді ұнатады. Ол үшін табиғат аясындағы балық аулау да, велосипедпен серуендеу де — сүйікті ісі. Қимыл-қозғалыс пен белсенділік адамды әркез ширақ ұстап, көңілді әрі сергек жүруге көмектеседі дейді ол.

СНХ: ЕВГЕНИЙ БЫЧКОВ, ӘРІПТЕСІ: Ол – еңбекқор да жауапты жан. Мектеп ауласындағы тазалық та, қыстағы қар тазалау да, жазғы шаруашылық істері де соның мойнында. Ешқандай мін жоқ, зейнет жасына дейін осылай жұмыс істей берсін дейміз.

РКС: Қуанбай Қожахметовтің еңбегі қарапайым көрінгенімен, мектептің әр күні тәртіп пен тазалықтан басталатыны – оның тынымсыз жұмысының нәтижесі. Өз жұмысына деген адалдығы – оқу орнының жайлы әрі жылы ортасының негізі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ