ДИКТОР: Абай атындағы дарынды балаларға арналған нөмірі 3 мамандандырылған мектеп-интернатында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының филиалы ашылды. Ондағы мақсат білікті мамандар даярлауды жетілдіру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, оқушылардың тілді терең меңгеруіне жағдай жасау.

РКС: Ағылшын тілі – жаһандық ғылым мен мәдениеттің, жаңа технологиялардың кілті. Сондықтан бұл бастама оқушыларға университет профессорларымен тікелей байланыс орнатуға, ағылшын тілін тереңдетіп меңгеруге, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға, халықаралық емтихандарға жүйелі дайындалуға мүмкіндік береді,- дейді мектеп ұжымы.

СНХ: АНАРГҮЛ ҚҰРМАШЕВА, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №3 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Кафедра филиалы біздің оқушыларымызға сол кафедраның жетекші профессорларымен тікелей байланыста болуға бірлескен ғылыми жобаларға қатысуға халықаралық деңгейдегі емтихандарға тың дайындалуға және ағылшын тілін терең меңгеруге мүмкіндік береді.

РКС: Филиалдың ашылу салтанатына АҚШ-тан арнайы келген профессор, РhD доктор Француа Марк Харрис сөз алып, оқушылардың шет тілін меңгеру мен білім деңгейіне тоқталды.

СНХ: ФРАНСУА МАРК ХАРРИС, ПРОФЕССОР, РhD ДОКТОР: Менің байқағаным оқушылар ағылшын тілін үйренуге ынталы. Олар тілді меңгеріп қана қоймай, түрлі шығармашылық және ойын әдістері арқылы процеске белсенді қатысады. Олар жақсы түсінеді, сөйлеу дағдылары да қалыптасуда. Менің ойымша, жұмыстың басты бағыты студенттердің өз күштеріне деген сенімін нығайту және үздіксіз оқыту дағдысын дамыту болуы тиіс. Студенттер сабақ біткеннен кейін оқу да осымен аяқталады деп ойлайды. Бірақ тілді білудің жоғары деңгейіне шынайы қол жеткізгің келсе, үнемі - сыныптан тыс жерлерде де оқып отыру керектігін олар түсінулері қажет.

РКС: Мектеп-интернат ұжымы Шоқан Уәлиханов атындағы университет басшылығы мен кафедра ұжымына қолдау қөрсеткендері үшін алғыс білдірді.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КӨКШЕ АҚПАРАТ