ДИКТОР: Көкшетауда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстық өкілінің бастамасымен, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен білім басқармасының қолдауымен мектеп оқушылары мен студенттерге арналған интерактивті кездесу өтті. Цифрлық технологияларды пайдалану шараны кең ауқымда ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Оған ауыл мектептері мен шалғай аудандардың оқушылары да онлайн түрде қатысты. Өңірдің 518 мектебі мен 28 колледжі қатысқан шарада шамамен 40 мың адам қамтылды.
РКС: Шара барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстық өкілі Гүлнәр Жанбекова құқықты білу – қорғаныс, ал оны түсіну – жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген құқық бұзушылық деректері арнайы базада сақталып, болашақта жұмысқа орналасу мен мансапқа әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, полиция және экономикалық тергеулер департаменті, денсаулық сақтау мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары сөз сөйледі. Құқықтық сағатта буллинг, алаяқтық және дропперлік сынды өзекті мәселелер талқыланды.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСТАРЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Менің ойымша, мұндай форумдарды жиі өткізіп тұру қажет. Бүгін онлайн-режимде 317 білім беру ұйымы қатысып, көптеген қатысушылар қосылды. Сондай-ақ мұнда белсенді жастар жиналды. Тақырыптар сұрақ-жауап түрінде талқыланып, білім алушыларға мазмұнды ақпарат жеткізілді.
РКС: Оқушылар тарапынан құқықтары мен міндеттері, әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік, тұрмыстағы қауіпсіздік, киберқауіпсіздік пен қаржылық пирамидалардың қатері жөнінде сұрақтар қойылды. Сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайда уәкілге жүгіну жолдары да түсіндірілді. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың себептері, топтық төбелес пен қорқытып алушылықтың салдары, интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері айтылды. Дропперлікке және қаржылық пирамидаларға қатысудың зардаптары да назардан тыс қалмады.
СНХ: ГҮЛНҰР НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, «АРНА» КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мамандармен осындай тікелей әрі ашық диалог өткізу құқықтық сауаттылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, бұл – басты тәрбие мен құқықбұзушылықтың алдын алу шарасының негізі. Маған ұнағаны – әрбір полиция қызметкері біздің сұрақтарымызды қабылдап, өте түсінікті етіп жауап берді. Сондай-ақ барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, не істеу керектігін, қалай жасау қажеттігін айтып, бізге қолдау көрсетті.
РКС: Сондай-ақ, нашақорлық мәселесі де кеңінен талқыланды. Тыңдаушылар синтетикалық есірткілерді «қойма» арқылы тарату, дәріханалық тәуелділіктің зардаптары және есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік туралы нақты ақпарат алды. Құқықтық сағат қатысушылар тарапынан оң бағаланды, - дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, мұндай кездесулерді алдағы уақытта тоқсан сайын өткізеледі деп жоспарлануда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ