ДИКТОР: Жаңа оқу жылының басынан №13 мектеп-гимназиясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ресурстық орталық ашылды. Жол картасын іске асыру аясында өңір мектептерінде инклюзивті білім беру тетіктері белсенді түрде енгізілуде. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

РКС: Орталықта қараңғы сенсорлық бөлме, адаптивті дене шынықтыру және сенсорлық үйлестіру залы, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар қажетті көмекті ала алады.

 СНХ: ЖАНАРГҮЛ ӘБДІКӘРІМОВА, №13 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір эмоциялық күйзеліс жағдайында болған балаларды мамандар қараңғы сенсорлық бөлмеге әкеледі. Сол жерде психологтар олармен жұмыс жүргізіп, релаксация ұйымдастырады. Балалар тынышталып, қажетті эмоционалдық деңгейге жеткеннен кейін ғана оқу сабақтарына кіріседі.

РКС: Қазіргі уақытта мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 87 бала оқиды, олардың 10-ы тьюторлар сүйемелдеуімен жүреді. Арнайы педагог-ассистент баланың жанында тұрақты болып, оның эмоционалдық жағдайын қадағалап, оқуына көмектеседі.

 СНХ: АЯЖАН ЕРЛАНҚЫЗЫ, ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТ: Мен осы жылдан бастап педагог ассистент болып жұмыс жасаймын және де біздің мамандық көптеген жауапкершілікті қажет етеді, себебі біз өте ерекше балалармен жұмыс жасаймыз. Және де біздің мақсатымыз осы балалардың әлеуметтік ортаға тез бейімделіп және де болашақта білімді.Біздің мақсатымыз болашақта осы балалардың тезірек әлеуметтеніп, ортаға бейімделуін қадағалаймыз.

СНХ: СВЕТЛАНА ДАВЫДЕНКО, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ: Біздің адаптивті дене шынықтыру кабинетімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар шұғылданады. Мұнда жеке де, топтық та сабақтар өткізіледі. Аталған кабинет балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін, физикалық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ басталған істі соңына дейін жеткізуге көмектеседі.

РКС: Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өз қатарластары¬мен бір сыныпта бірге оқуы оларды мектеп өмірінің толыққанды қатысушылары ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Инклюзивті орта қоғамға кірігуге жол ашады. Балалар өзара қарым-қатынас жасауға, ынтымақтасуға және бір-бірін қолдауға үйренеді. Бұл олардың болашақта табысты әлеуметтенуіне ықпал етеді.

 ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ