ДИКТОР: Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні мерекесі атап өтіледі. Бұл мереке қоғамдағы еңбектің маңыздылығын айқындап, еңбек адамын ұлықтауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. Осы мереке аясында «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек озаттары, еңбек әулеттерінің өкілдері, тәлімгерлер мен жас мамандар марапатталды.

РКС: Шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова еңбек адамын құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және жұмысшы кәсібінің беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай – ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан 11 еңбек адамы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелері 30 жылдан 50 жылға дейін еңбек өтілі бар қарапайым механизатор, жүргізуші, тігінші, диспетчер және өзге де өндіріс саласының өкілдері.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: НЕСІБЕЛІ ЖҮСІПОВА, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТКЕРІ: Еңбек күні баршамызға құтты болсын. Әр қазағымның еңбегі адал болып, әр уақытта бағалансын деп тілеймін. Мен өзім «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының 1 –ші орын жүлдегері атандым. Бүгін бізді әкімдік марапаттап жатыр, құттықтап жатыр. Өте қуаныштымын.

СНХ: ЭЛЬВИРА МҰҚАШЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР, «БУРАТТА» ІРІМШІК ЗАУЫТЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Бүгін біз Еңбек күнін атап өтудеміз. Бұл мереке күн сайынғы еңбегімен қоғамға құндылық қосып жүрген жандарға арналды. Мен өзіме жақын кәсіп түрі – ірімшік өндіру туралы бірнеше сөз айтқым келіп тұр. Ірімшік – жай ғана тағам емес. Бір тілім ірімшік үлкен еңбекті қажет етеді: сиырға күтім жасаудан бастап, сүттің тазалығына, ірімшік жасаушының шеберлігіне дейін. Әрбір тілімнің артында бүтін бір отбасының еңбегі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі жатыр. Құрметті достар! Бүгін, Еңбек күні, сіздерді қазақстандық фермерлер мен ірімшік өндірушілердің еңбегін қолдауға шақырамын. Қазақстандық өнімді сатып ала отырып, отбасыларды, ауылдарды, ұлттық экономиканы және тұтас бірсаланың дамуына үлес қосасыз.

РКС: Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермендер назарына мың бұралған бишілердің әсем билері мен облыстық филармония әншілерінің әсерлі әндері ұсынылды. Айта кетерлігі, кәсіби орындаушылардан бөлек Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Екі жұлдыз» жобасының қатысушылары да сахна төрінен көрінді. Олардың қатарында Көкшетау жолдары мекемесінің қарапайым жұмысшысы Максим Тимоховец те өнер көрсетті.

СНХ: МАКСИМ ТИМОХОВЕЦ, «КӨКШЕТАУ ЖОЛДАРЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ: Мен «Көкшетау жолдары» мекемесінің қызметкерімін. Бұған дейін мен «Екі жұлдыз» жобасына қатысқан едім. Бұл жоба менің ең жақсы қырымды ашуға мүмкіндік берді. Бүгін филармониямен бірге осы салтанатты іс-шарада өнер көрсеттік. Жалпы, бәрі ойдағыдай өтті.

РКС: Шара мазмұнды өтті. Қарапайым жұмысшылар өз еңбектерінің бағаланғанына ризашылықтарын білдірді. Көп жағдайда олардың адал еңбегі көпшілікке беймәлім. Сондықтан олардың атын атап, еңбегін елеп, марапатқа лайық деп тану – әрбір жанның жүрегін толқытқаны сөзсіз.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ