ДИКТОР: «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана «КітаpTime» жобасы аясында «Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ» атты көкшелік қаламгерлермен кездесу кешін ұйымдастырды. Бұл тағылымды шарадан қатысушылар қандай ғибратты ой түйіп, рухани сабақ алды? Мәдени шараға қатысып қайтқан тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Кітапхана – білім мен руханияттың киелі ордасы. Жастарды ақын-жазушылармен жүздестіріп, том-том туындылардың тылсымын танытып, оған деген іңкәрлікті ояту, айрықша мәнін айшықтау шараның басты мақсаты. Бүгінде Мемлекет басшысының кітап оқуды дәріптеу жөніндегі айқын ұстанымы негізінде бүкіл ел көлемінде мазмұнды да жүйелі істер атқарылуда. Сонымен қатар, «100 кітап» ұлттық жобасы кеңінен насихатталуда.

СНХ: АҚМАНАТ ӘЛІМБЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін міне осы іс-шарада осы жақсы көрме ұйымдастырылды, осы 100 кітаптың. Тізімі шыққан 100 кітапты көрсету жастардың арасында. «AMANAT» партиясының ғимаратында бізде «Кітап аманат» орталығы ашылды, ол жерде де әдеби-мәдени іс-шаралар жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының тұсаукесерін өткіземіз. Белгілі тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында іс-шаралар өткіземіз жастармен.

РКС: Қаламгерлермен кездесу барысында ұлттық құндылыққа айналған «100 кітап» жобасының таңдаулы туындыларын қамтыған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. 100 кітап қатарында балалар әдебиетінің інжу-маржандары мен қазақ әдебиетінің жауһар жазбалары көрсетілді. Әр кітап – бір әлем, оның әр беті – бір ғұмыр. Шараға қатысушылар кітаптан тамған бір тамшы білімнің өзі ойға медет боларын ашық айтты.

СНХ: ГӘККУ БӘЙІШЕВА, «КӨКШЕТАУ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: Адамның адам болып қалыптасуы, алдымен оның бала күндерінде оқыған кітаптарынан бастау алады. Кішкентай кезінен ертегілерді, жыр-дастандарды тыңдап өскен, оқыған бала, ойлау, ой-өрісі, қиял-ғажайып ертегілерге еліктеп армандауы, соның барлығы бала күнінің негізінде қаланады. Одан кейін есейе келе, өзіне ұнаған кітаптарды оқып, соның кейіпкерлеріне қарап, солар сияқты болуға тырысып, жалпы кітап адамды көп тәрбиелейді.

РКС: Кездесу студенттер үшін нағыз рухани мектепке айналды. Олар кітаптың адам өміріндегі орнын, тұлға қалыптастырудағы маңызын терең ұғынып, ақын-жазушылардың жүрекжарды ойларынан нәр алды. Жастардың рухани дүниесі байып, білімге, өнерге, ізгілікке деген құштарлығы арта түсті.

СНХ: ЖӘНЕЛ ҚАСЕНБАЙ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазір де жастарды кітап оқуға тарту бір өзекті мәселелердің біріне айналды. Алайда осындай іс-шарлар көбірек өтсе, кітап оқу, өз-өзін дамыту, әдебиетке үңілу сияқты жағымды қасиеттер де одан әрі жетіледі. осындай «Кітап оқу - тұлға биігіне баспалдақ» іс-шарасында 100 кітаптың тізімі берілген, сол жерде әрі эпос, әрі лириканы оқу мен үшін өте қызықты, басқа шығармалармен кеңірек танысамын.

РКС: Студенттер кітап оқу тұлға болып қалыптасу биігіне бастар даңғыл жол екенін сезіндік дейді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ