ДИКТОР: Өткен аптада біздің редакцияға ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары көмек сұрап хабарласқан еді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғаның жалғасы бар. Көкшетауда соңғы үш жылда 18 бала психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша оқудан шығарылған. Сабаққа қатысуға рұқсат етілмеген баланың бірі қайтадан тексеруден өткен. Біздің түсірілім тобы облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға барып, ата-аналардың, мамандар мен білім беру мекемесі өкілдерінің пікірін тыңдап қайтты.

РКС: Көкшетаудағы №1 арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің бірі қыркүйектің сегізінде қосымша тексеруге жіберілді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша баланы ағымдағы оқыту түрінен алып тастап, баламалы білім нұсқасын ұсынған. Бірақ, ол ұсынысты ата-аналар қабылдап отырған жоқ.

СНХ: ДАУРИЯ ТӨЛЕШЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Бүгін екінші комиссияны өтіп жатырмыз. Осыдан соң балаларымыздың оқуына байланысты дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін. Өйткені, бұған дейінгі ұсыныстары бізді қанағаттандырған жоқ. Баланы коррекциялық кабинетке бекіту немесе медициналық-әлеуметтік ұйымға жіберу туралы ұсыныс болатын. Мәселен медициналық-әлеуметтік ұйымның кезегін бірнеше жыл күту керек. Егер сол ұйымды қарастыратын болса, онда осындай балаларды қабылдаудың мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Сондай-ақ мамандар да тапшы. Бүгінгі комиссия менің балам үшін жақсы өтеді деп үміттенемін. Оның конституциялық құқығы қорғалып, баламның мектепте оқуына рұқсат береді деп ойлаймын.

РКС: Қосымша тексеруден өту шарасы 40 минутқа созылды. Жұмыс барысында құрамында әлеуметтік педагог, тифлопедагог, сурдопедагог, педагог-психолог, дефектолог мұғалім, медицина қызметкері, психиатр, невропатологтары бар арнайы мамандар кешенді психологиялық-педагогикалық тексеруден өткізді. Даму деңгейі, бейімделу қабілеті, сонымен бірге баланың оқу қажеттіліктері бағаланды.

СНХ: СӘУЛЕ ЕСКЕНДІРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ БАСШЫСЫ: Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар арнайы білім беру ұйымы. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды бағалайды және олардың одан арғы оқу маршрутын айқындайды. Бұл жағдайда қыркүйектің 8-де бала қосымша тексеруге жіберілді. Өйткені, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметінің типтік ережесінде баланың әлдебір ерекшелігіне қарап біз қосымша тексеруді тағайындаймыз. Соңғы оқиға соның дәлелі. Қазір бала тексеріліп жатыр. Психологиялық-медициналық-педагогикалық тексерудің қорытындысы бойынша бұл ұсыныстар айтылып, портал арқылы анасына беріледі.

РКС: Тексеру процесіне адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі де қатысты.

СНХ: ГҮЛНӘР ЖАНБЕКОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛДІҢ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛІ: Жеке қабылдауыма мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 14 ана жазылды. Олар білім беру туралы заңның бұзылуына қатысты шағыммен келді. Әрине әр шағымды біз егжей-тегжейлі қараймыз. Менің жұмысымның бағытының бірі халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтардың құқығын сақтау, қалпына келтіру. Бірақ бұл жерде біздің басты міндетіміз мүгедектегі бар балаларға қатысты кез келген әрекетте, әсіресе білім алуға қатысты баланың мүддесін жоғары қою. Бұл жағдайда ата-аналар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның комиссиясына қатысуымды өтінді. Балаға консультация өткізу кезінде оның құқығының қаншалықты сақталғанына көз жеткізу. Сондықтан осы жерге келіп отырмыз. Құқығының ретке келуіне жедел әрекет етуге жәрдемдесу.

РКС: Үш жыл бойы бала оқыған арнайы мектеп ұжымы сұхбат берді. Биылғы оқу жылында ол 4-ші сыныпқа көшті. Баланың ерекшелігі мен қажеттіліктері ескеріле отырып, жеңілдетілген жеке оқу бағдарламаны дайындалып, бейімделді.

СНХ: ОЛЬГА БУРДИНСКАЯ, №1 АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Нақты осы оқиғаға қатысты түсінік беріп өткім келеді. Соңғы үш жыл біздің мектепте оқыды. Осы уақыт аралығында 4 мұғалім Астанаға барып қосмыша білім беру курсынан өтіп келді. Мүмкіншілігімізге қарай қажетті жабдықтар сатып алдық. Педагогтар тифлопедагог ретінде қосымша білім алды. Бірақ оны көру қабылеті нашар болғандықтан емес, интеллектуалды даму мүмкіндігіне байланысты бағдарламаны қабылдай алмады. Ол бізге қалай келді? Ең біріншіден, интеллекті бұзылған. Бүгінгі күні айқындалған бағдарламаны ол қабылдай алмайды. Оған басқа жұмыс бағдарламасы аясында одан арғы маршрутты белгілеу қажет.

РКС: Қайта тексеруден өту қорытындысы бойынша отбасына арнайы әлеуметтік қызмет орталығына немесе коррекция кабинетіне жүгінуге ұсыныс берілді. Бірақ ата-аналар бұл қызметтерге кезек ұзын-сонар. Көмек кейінге шегеріліп отыр. Бұл мәселені шешпейді, сондықтан бүгін бала үйде,-дейді олар. Қазір мамандандырылған орталықтар салу мәселесі қарастырылуда. Бірақ, оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қаржыландыру қажет. Ал оны жылдар бойы күту тағы бар. Ол екі арада аймақта ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артып отыр. Бүгінде 13,5 мың баладан астам. Бұл өткен жылдығ сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1668 балаға көбейген.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ