ДИКТОР: Көкшетау қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Шараны облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаменті ұйымдастырды.
РКС: Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру және қолданыстағы заңнама талаптарын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу аталған акцияның негізгі мақсаты. Бүгінде тұрғындардан түсетін шағымдардың басым бөлігі алаяқтық оқиғаларына, сот шешімдерінің орындалу барысына, әкімшілік құқық бұзушылықтарға және кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты. Осы түйткілді мәселелерді шешу үшін түрлі сала маманы бір жерде бас қосып, тұрғындарға нақты жауап беріп, кеңес ұсынуда.
СНХ: АҚЫЛ ҚАРПЫҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Акцияға прокуратура, полиция, кірістер департаменті, және санитарлық эпидемологиялық органдардың өкілдері қатысуда. Сауда орталығында өтуіне байланысты аталған акция, біз іс-шараға «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасының өкілдерін шақыртып отырмыз. Негізгі мақсат азаматтарға кейбір заңнамаларды түсіндіру болып табылады.
СНХ: ӘСЕМ ШӘКІРОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бізге осындай салық төлеушілер келіп жатыр. Сұрақтарды бізге қойып жатыр. Біз әрине соған жауап беріп жатырмыз сұрақтарға. Басқа да мекемелер отыр, осы акцияда қатысып жатыр. Көбісінде, мысалы, жеке тұлғалар келіп жатыр бізге, шот туралы сұрақтар болып жатыр, неге жабылған шоттар деп. Біз соған нақты жауап беріп жатырмыз. Енді осы халыққа арналған акция «Құқықтық дәріхана», ол да бізге, халыққа да пайдалы. Әрине осы қол жетімді деген акция ол былай қараса.
РКС: Бұл жерде қала тұрғындарына соттылық туралы анықтама алу, әкімшілік айыппұлдар бойынша қарызын білу сынды түрлі бағытта кәсіби көмек көрсетілді. Сондай-ақ құжат рәсімдеу, еңбек қатынастары, меншік иесінің құқығы немесе ата-ананың міндеті секілді мәселелер бойынша да мемлекеттік орган өкілдерінен өздеріне қажетті мәліметтерді алды. Акцияның сауда-ойын-сауық орталығында өтуі тұрғындар үшін ыңғайлы. Мұнда адамдар уақытын үнемдеп, ешқайда бармай-ақ күнделікті шаруасымен бірге қажетті кеңесін алып, мәселесін шешті.
СНХ: АЙНИСА ӘБЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Рио» сауда орталығына баламмен бірге кофе ішуге келдім. Мұнда осындай пайдалы іс-шара өтіп жатқанын мүлде кездейсоқ білдім. Мен жеке кәсіпкермін. Есеп-шоттарым бұғатталып қалды. Колл-орталыққа хабарласқанымда, 4 теңге қарызым бар екенін айтты. Сол 4 теңгеге бола салық басқармасына барып, мәселені шешкім келмеді. Дәл қазір осы жерде әр саланың өкілдерінен толық кеңес алғаным өте ыңғайлы болды. Алдағы уақытта олармен тағы хабарласамын. Яғни, маған енді ешқайда барудың қажеті жоқ, осында келіп, барлық ақпаратты ала алдым.
СНХ: ВАЛЕНТИНА ДЗЮБА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен салық комитетінің мамандарынан салық мәселелері бойынша кеңес алдым. Маған кеңес өте пайдалы болды. Әдетте ондай сұрақтарды шешу үшін мемлекеттік мекемеге бару қажет, бірақ, өкінішке қарай, уақыт жағынан әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Ал бүгін осындай кездесудің өтіп жатқанын көріп, қажетті кеңесімізді ала алдық. Біз негізінен мобильді қосымша арқылы жұмыс істейміз, күйеуім жұмыс істейді. Сол себепті қалай дұрыс әрекет ету керектігі, артық төлемдерді қалай бөлу және мемлекеттік органдармен қалай дұрыс жұмыс жасау мәселелері қызықтырды.
РКС: «Құқықтық дәріхана» акциясы алдағы уақытта да жалғасады. Осындай шаралар қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, құқық қорғау органдарына деген сенімді бекіте түседі. Сонымен қатар, тұрғындардың құқықтық білімін тереңдетіп, оны күнделікті өмірде қолдануына мүмкіндік бермек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ