ДИКТОР: Аймақтың кәсіпкерлері мемлекеттік органдардың атқарған жұмыстары туралы есептерін тыңдады. Бизнес өкілдері толғандырған сауалдарын қойып, жұмыс барысындағы әкімшілік кедергілер жөнінде баяндады. Кәсіпкерлер палатасында Бірыңғай есеп беру күні өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы қатысты. Қандай салалар қызу талқыға түсті, аймақта адал кәсіпкерлік қаншалықты қорғалған? Тілші баяндасын.

РКС: Мұндай кездесулер өзара сенімді нығайтуға және бизнес үшін тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл қатысушылардың пікірі. Жиын барысында облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік кірістер департаменттері және жер ресурстарын басқару басқармасы өкілдерінің есептері тыңдалды. Кәсіпкерлер өз қызметін жүргізу барысында кездесетін жүйелі мәселелерді ортаға салып, сол жерде жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы компанияларының өкілдері Арнайы жер комиссиясының жұмысына қатысты сұрақтар қойды.

СНХ: НИКОЛАЙ СТЕПАНЕНКО, «АСКОП» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бізге Қорғалжын ауданында 2700 гектар жер тиесілі. Оны екі жылдан бері игере алмай отырмыз. Өткен жылы ретке келтіру үшін қосымша қаржы салдық. Мәселе қаралады деген үмітпен әрекет еттік. Бірақ күні бүгінге дейін мәселе шешілген жоқ. Бұл жерлерді қазір арамшөп басып кетті. Оларды қалпына келтіру үшін кемінде тағы екі жыл қажет. Сондықтан комиссия тарапынан бұл мәселе қаралады ма, жоқ па – соған түсініктеме беруіңізді сұраймын.

СНХ: ӘДІЛБЕК СЫЗДЫҚАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қыркүйекте 15 субъект арнайы комиссияның қайта қарауына жіберілді. Оның нәтижесін сіздерге ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлайды.

РКС: Жыл басынан бері өңірде 3 мыңнан астам тексеріс тіркелді. Олардың шамамен жартысы кәсіпкерлерге қатысты жүргізілген. Нәтижесінде 1400-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, шамамен 1 мыңға жуық нұсқама берілді. Сондай-ақ 700-ге жуық әкімшілік іс қозғалды. Кәсіпкерлер заңнамада көзделген міндетті талаптарды білуі маңызды. Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сондай-ақ бақылау және қадағалау шараларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар заңдылықтың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Бизнес қауымдастық көтерген тағы бір мәселе – бөлшек салық мөлшерлемесін 2 процентке дейін төмендету болды.

СНХ: ВАЛЕНТИНА ГЕРАЩЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Айта кетейік, көптеген әкімдіктер бұл жұмысқа кірісіп кетті. Жақында ғана Қорғалжын ауданы да шешім қабылдады. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе де бір шешімге келеді деп үлкен үміт артамыз. Сонда кәсіпкерлер өздеріне қолайлы салық режимінде жұмыс істей алады. Қойылатын сұрақтар көп. Мемлекеттік органдар бірігіп жұмыс істер деген сеніміміз мол.

РКС: Салалық палатаға жыл басынан бері бизнесмендерден шамамен 200 арыз-шағым түсті. Оның дені оң шешімін тапты. Қорғалған құқықтардың сомасы шамамен 400 млн теңге. Айта кетейік, бірыңғай есеп беру күні облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында 5-ші рет өткізіліп отыр. Оның қорытындысы бойынша талқылауға шығарылған барлық мәселе бойынша хаттама толтырылады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.