ДИКТОР: Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы. Ал еңбек күні – еңбекқорлық пен кәсіби шеберліктің құндылықтарын дәріптеуге арналған мереке. Ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Еңбектің наны қашан да тәтті. Жұмыстың жаманы жоқ. Отбасын асырау үшін кез келген жұмысты істеуден арланбайтын жандардың көп екенін күнделікті күйбең тірлікте елей бермейміз. Сондай жанның бірі Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр ауылында тұрады.

РКС: Жақсылық Оспанов Красный Яр ауылындағы №1 орта мектепте он жылдан бері жұмыс істейді. Ол күн сайын білім ошағының ішкі-сыртқы келбетін бірқалыпты ұстап тұруға үлес қосады. Шаруашылық жұмыстарын қамтамасыз етіп, мұғалімдерге қолдау көрсетеді. Оқушылар үшін қолайлы жағдай жасайды. Еңбек жолын 1990-шы жылдары ауылда механизаторлықтан бастаған, кейін құрылысшы болып жұмыс істеген.

СНХ: ЖАҚСЫЛЫҚ ОСПАНОВ, МЕКТЕПТІҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫСЫ: Балаларым осы жерде оқығандықтан мен осында жұмысқа орналастым. Өйткені өзім де жақын жерде тұрамын. Балаларға қолайлы жағдай жасау, мектептегі ақауларды дер кезінде жөндеу және барынша ыңғайлы орта қалыптастыру үшін осында еңбек етемін

РКС: Бүгінде Жақсылық Оспанов – үлкен шаңырақтың тірегі, төрт баланың әкесі, сегіз немеренің атасы. Бос уақытында жұбайымен бірге үй шаруасына көңіл бөліп, тұрмыстық жұмыстарды атқарады. Әріптестері оның қарапайым мінезін, еңбекқорлығы мен жауапкершілігін ерекше ілтипатпен айтады. Оның еңбегі көзге көп көріне бермегенімен, ол мектеп өмірінің қалыпты жұмыс істеуіне айырықша үлес қосып келеді.

СНХ: ЕВГЕНИЙ БЫЧКОВ, ӘРІПТЕСІ: Жақсылық Оспанов алғашқы күннен-ақ еңбекқорлығымен және ісін жетік білетін маман ретінде менің көңілімнен шықты. Ол мектеп үшін таптырмас қызметкер: сантехник те, ағаш ұстасы да – барлығын шебер орындайды. Үйде де, жұмыста да жауапкершілігі жоғары, ешқашан сын-ескертулер алғанын көрмегенбіз. Түнгі сағат төртте болсын, хабарлассаң – келіп көмектеседі. Кез келген жұмысын мінсіз атқарады.

РКС: Жақсылық Оспановтың еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың, жауапкершіліктің және еңбекке деген құрметтің айқын көрінісі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осындай азаматтар қоғам тарапынан айырықша құрмет пен марапатқа лайықты.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ