ДИКТОР: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес биыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы. Мемлекет басшысы өндірістің, қызмет көрсету саласының және инфрақұрылымның дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор әрі білікті азаматтардың мәртебесін көтеру қажеттігін атап өтті. Жұмысшы мамандық иелері – еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсімінің және тұрақты дамуының негізгі қозғаушы күші.
РКС: Өнеркәсіп – Қазақстан дамуының негізгі бағыттарының бірі. Аймақ өз кәсіпорындарымен танымал. Соның бірі «АВИКС ГРУП» серіктестігі – майлау материалдары мен ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті майлар өндіретін зауыт. Оның өнімдері Еуропалық одақ елдеріне және жақын шетелге экспортталады. Бүгінде мұндай кәсіпорындар білікті мамандар мен жұмысшы кадрларға ерекше мұқтаж. Олар өз қызметкерлеріне лайықты еңбекақы мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін ұсынып келеді.
СНХ: МАКСИМ ЗАЙЦЕВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Біздің компания 2013 жылдан бері Қазақстан нарығында консистентті майлау материалдарын өндірумен айналысады. Біз «ҚарМет», «Богатырь», E&G, «ҚазЦинк», «Қазақмыс» сияқты ірі кәсіпорындардың негізгі жеткізушілерінің біріміз. Соңғы 5–7 жыл ішінде біздің өніміміз Қазақстан нарығында кеңінен танылып, сенімге ие болды. Компания қызметкерлеріне барынша қолайлы еңбек жағдайларын жасауға басымдық береді. Жұмысшыларға тегін жеткізу қызметі, тамақтану, арнайы киім мен экипировка жылына екі рет ұсынылады. Сонымен қатар, кәсіпорында жұмысшыларды, технологтарды және операторларды оқытатын білікті мамандар бар. Бізде қарапайым жұмысшы ретінде жұмысқа орналасқан азаматтар оператор деңгейіне дейін өсіп, қазір айына шамамен 600–700 мың теңге көлемінде жалақы алады. Орта есеппен қарапайым жұмысшылардың айлық еңбекақысы 300–350 мың теңге.
РКС: Майлау материалдарын өндірудегі жетістіктермен қатар, өңірде машина жасау саласы да қарқынды дамып келеді. Осы орайда Qazrost Engineering компаниясы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Компания шығаратын техника қазақстандық аграрлар арасында жоғары сұранысқа ие.
СНХ: АНДРЕЙ АНТРОПОВ, QAZROST ENGINEERING КӘСІПОРНЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Біз жыл сайын 1000 трактор және 600 комбайн өндіреміз – жоспар толық орындалуда. Барлық техника ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізіледі. Кәсіпорында жас қызметкерлердің үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл – білікті мамандар мен тәжірибесі бар қызметкерлер, сондай-ақ әскер қатарынан кейін келген жастар. Оларға кәсіпорында оқыту ұйымдастырылып, тәлімгерлер бекітіледі. Сонымен қатар әрбір қызметкердің тиісті бастапқы білімі болуы талап етіледі.
РКС: Көкшетау Су Арнасы - мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Ол қаладағы су ресурстарын жинау, тазарту және жеткізу, сондай-ақ су құбыры мен кәріз жүйелерін күтіп-ұстау қызметтерін атқаратын негізгі инфрақұрылымдық нысан. Бүгінде кәсіпорын саланы дамытып, қаланың тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің үздіксіз жұмысын қолдауға дайын жас мамандарға айырықша мұқтаж. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ