ДИКТОР: Отбасы күні мерекесіне орай шағын футболдан отбасылық командалар арасында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жарыс өтті. Командалардың арасынан кім озық шықты? Спорттық шараға қатысып қайтқан тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Көкшетауда спорт сүйер қауымға тамаша мүмкіндік туды. Доп додасы тек спорттық шара емес, әулетаралық ынтымақ пен бірліктің айнасы. Турнирдің мәні - отбасылық құндылықтарды қастерлеп, салауатты өмір салтын сақтау. Турнирге 5 отбасылық команда қатысты. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі.

СНХ: АЙБАҚЫТ МЫРЗАТАЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ШАҒЫН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Олар «Бектұр» командасы, «Сатиев» командасы, «Сұлтанов», «Жапаров» және «Ақбаленов» командасы қатысып отыр. Командалар райондардан, сондай-ақ қаладан жиналып отыр. Турниріміз Ақмола облысында осындай жыл сайын өтіп отыр. Енді жалпы турнир туралы айтатын болсам, турнирге бұл бір ерекшелігі бір әулеттің өкілдері қатысады, яғни команда тек қана бір әулеттің өкілдерінен тұру керек. Бұл жерде яғни еңкейген қариядан бесіктегі балаға дейін деп айтсам да артық кетпейтін шығармын, осындай керемет бір жақсы турниріміз өтіп жатыр.

РКС: Бұл жарыс осымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Бір топта бір атаның балаларының ойнауы – бәсекенің басты ерекшелігі. Қатысушы командалар арасында жыл сайын тұрақты түрде қатысып жүргендер де бар.

СНХ: ЖАН АҚБАЛЕНОВ, АҚБАЛЕНОВ КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Біз бүгінгі күнге отбасымызбен келіп тұрмыз, әр қаладан. Бір атаның балалары футбол ойнайды деген жарысқа. Осы жарыс алдыңғы жылы да болған 2023 жылы. Қатысқанбыз. Біз екінші орын алдық. осы жылы қайтадан басталды. Осы кезде үмітіміз бірінші орынға артып отыр. Осы жақта Көкшетауда туыстарымыз тұрады, бірге бәріміз келді, бізге қолдау көрсету үшін келді. Мен Ақбаленов командасынан ойнаймын. Жарыс негізі күшті өтіп жатыр.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды – «Сұлтанов» командасы, 2 орынды – «Сәтиев» командасы, 3 орынды – «Бектұр» командасы иеленді. Ал, 4 орын Жапаровтар отбасына, 5 орын Ақбаленовтар отбасына бұйырды. Турнир барысында әр номинация бойынша марапаттар табысталды: үздік ойыншы, үздік шабуылшы, үздік қақпашы, ең жас ойыншы, ең егде ойыншы және ең белсенді жанкүйерлер анықталып, марапатталды.

СНХ: ДУАНБЕК АЙДАРОВ, САТИЕВ КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Өткен турнирде біз чемпион атанған едік. Өкінішке орай, биыл түрлі себептерге байланысты толық құрамда қатыса алмай отырмыз. Қазір біздің командада төрт ұрпақ ойынға қатысып жатыр. Спорт біздің қанымызда бар. Аталарымыз атақты спортшылар болған.

РКС: Ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықты дәріптейтін бұл жарыс биыл да ерекше өтті. Барлық қатысушы бір-бірін қимай қоштасты. Бұл сайыс жыл озған сайын құндылығын жоймақ емес.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ