ДИКТОР: Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде қалалық және аудандық шақыру комиссиялары өз жұмысын бастады. Бұл науқан жыл аяғына дейін созылады. Осы кезеңде 18 бен 27 жас аралығындағы шамамен 22 мың жас қазақстандық Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың қатарына қосылады.Көкшетауда көктемгі әскерге шақыру қорытындылары шығарылып, күзгі науқанның міндеттері таныстырылды. Азаматтарға мерзімді әскери қызметтен өткеннен кейінгі жаңа мүмкіндіктер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды.
РКС: Жастардың басым бөлігі әскери комиссариаттарға өз еркімен келген. Күзгі шақыру науқанында Шекара қызметінің қатарын жасақтауға ерекше назар аударылуда. Қыркүйек айының басында Алматы облысына жаңадан шақырылған 25 сарбазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
СНХ: БАУЫРЖАН ЕСПОЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Әскерге шақыру белгіленген тәртіппен жүргізіледі: алдымен аудандық және қалалық деңгейдегі қорғаныс істері басқармалары мен бөлімдерінде есептік деректер тексеріледі, содан кейін медициналық комиссия әскери қызметке жарамдылығын анықтайды. Алғашқы іріктеуден өткен үміткерлер облыстық шақыру комиссиясында түпкілікті медициналық тексеруден өтеді.
РКС: Жаңашылдықтың бірі – жоғары немесе арнаулы білімі бар азаматтарға алты ай мерзімді қызметтен кейін келісімшарт жасау мүмкіндігі қарастырылған. Қызметтің болашағы нақты көрсеткіштермен дәлелденіп отыр. Тек өткен жылдың көктемінде ғана 20 сарбаз тегін оқуға жолдама алды. Сондай-ақ міндетті әскери борышын өтеп келгеннен кейін ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Олардың бесеуі азаматтық жоғары оқу орындарына қабылданып, біреуі әскери институтта оқуын жалғастырды.
СНХ: БАУЫРЖАН ЕСПОЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Әрбір әскерге шақырылушының ата-анасы, отбасы уайымға салынатыны сөзсіз. Сарбаздың аман-есен оралуын тілейміз. Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен барлық өңірде «Аналар жүрегі» ұйымы жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – сарбаздардың тұрмыстық жағдайын бақылау, мерекелік іс-шараларға қатысу, әскери қызметшілермен жеке әңгімелесулер жүргізу және олардың ата-аналарымен тұрақты байланыс орнату.
РКС: Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру науқанының басты міндеті – армияны жасақтау ғана емес, сонымен қатар әрбір жастың болашағына қамқорлық жасау. Әскерилерге әлеуметтік қолдау, білім алу мүмкіндіктері және ең бастысы – қызмет барысында қауіпсіздік кепілдендірілген.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖАНДОС САЙЛАУ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ