ДИКТОР: Заңды күрделендіре бермей, қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеумен айналысу қажет. Мемлекет басшысы осылай деді. Президент бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылданатынын сынға алды. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайтынын, жағдайды шұғыл түрде өзгерту қажеттігін ерекше баса айтты. Ең алдымен жаңашылдықтар салықтық әкімшілендіру саласына қатысты.

РКС: Енді Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік органдар арасында цифрландырудың көшбасшысына айналады. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануда тапсырды. Бұл – мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға бағытталған жүйелі қадам.

СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз.

РКС: Шілденің 18-де Президент қол қойған жаңа салық кодексі қолданыстағы жүйені қайта жүктеуге бағытталған. Құжат келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ол салық салу тәсілін түбегейлі өзгертеді.

СНХ: АЙГҮЛ ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Арнаулы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылады. Сонымен қатар, жаңа салық кодексінде тауарлар мен қызметтердің жекелеген санаттары үшін жеңілдік мөлшерлемелері қарастырылған. Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Алайда, кейбір тауарлар мен қызметтердің жекелеген санаттары үшін жеңілдік мөлшерлемелері қарастырылған. Мысалы: Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз.

РКС: Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыт қосымша құн салығын төлеуден толығымен босатылады. Оған медицина, мәдениет және білім беру салаларындағы қызметтер жатады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де жеңілдіктер бекітілген. Ал сән-салтанат заттарына салық салымы күшейтілді. Прогрессивті шкала енгізілуде. Яғни, жеке табыс салығының мөлшерлемелері тек халықтың табысы жоғары тобы үшін өседі. Осылайша, өзгеріс экономиканың барлық негізгі құрамын қамтиды. Корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап инвестицияларды ынталандыру мен салықтық жүктемені қайта бөлумен аяқталады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.