ДИКТОР: Ерекше білім беруді қажет ететін 18 баланы мектептен шығарып жіберген. Оған психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның бағдарламаны меңгере алмады деген қорытындысы негіз болған. Ал ата-аналар мұндай әрекет баланың білім алуына деген конституциялық құқығын бұзып отыр дейді. Білім алушыларды оқу орнынан шығару қаншалықты дұрыс? Баланың бағдарламаны меңгере алмағанына кім жауапты? Бұл әрекет заңды ма? деген сауалға тілшіміз жауап іздеп көрді.
РКС: Мәселе Көкшетаудағы №1 мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері жайында. Осы айдың 8-де психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша бірнеше бала оқудан шығарылған. Ата-аналар балаларының осындай жағдайда қалғанына алаңдаулы. Олардың құқығы тапталуымен қатар, бейімделген оқытудың нақты механизмінің жоқ екенін айтып шағымдануда. Ерекше қажеттіліктері бар баланың білім алуын шектемей, жеке бағдарлама ұсынылуы қажет,-дейді ата-аналар.
СНХ: ДАУРИЯ ТӨЛЕШЕВА, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ: Біздің 20-ға шақты бала білім ордасынан шығарылып отыр. Баланың білім алуға қабілетсіздігі деген қорытындымен. Айта кететін болсақ, заң бойынша, Конституциямыз бойынша, білім туралы заңға жүгінетін болсақ, балалар бөлінбейді. Барлық балалар тең. Барлық балалар өздерінің ерекшелігіне қарамастан білім алуға құқылы. Сондықтан, міне бүгінгі кездесуде сұрақтар көтеріліп, бір үлкен көпір құрастырылады деп ойлаймын. Және де біздің балалаларды қайтадан мектепке алу жолдары қарастырылып жатыр. Біздің балалар мектепке алынады деген үлкен үміттеміз.
РКС: №1 арнайы мектеп-интернатының директоры Ольга Бурдинская мұндай ұйымдарда оқу үдерісі білім буралы Заңға сәйкес реттелетінін айтты. Баланы мектепке қабылдау және шығару тек психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы негізінде ғана жүзеге асырылады. Жағдайға ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл-Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан назар аударды. Уәкіл сондықтан Көкшетауда қалыптасқан жағдаймен танысуға, одан әрі мәселені шешудің жолдарын қарастыру үшін арнайы келгенін айтты.
СНХ: КЕНЖЕҒҰЛ СЕЙІТЖАН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒЫНАН ОСАЛ САНАТТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ: Конституциямыздың 14-ші бабына сәйкес, әр баланың құқығы бар. Еш адам әлеуметтік, басқа дағдайына қарамастан дискириминацияға ұшырамау керек. Одан кейін, ұмытпасам, 30-шы бапта баланың оқуға деген құқығы бар. Осыған байланысты әр бала оқуға құқылы. Бала оқи алмайтын деген мәселе емес, мұғалім балаға білім бере алмады деген ойдамын. Сондықтан бұл мәселені қарастыру қажет. Балалар құқығы қайтадан қалпына келтіру – мен, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілі ретінде, бұзылған құқығын қалпына келтіру – міндетім.
РКС: Мәжіліс депутаты ретінде Кенжеғұл Сейітжан бұл мәселені республикалық деңгейде көтеретінін мәлімдеді. Жиында инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектеп директорлары төбе көрсетпеді.Көкшетауда осындай 24 мекеме бар. Сондықтан бұл мәселе қарашаның 3-де тағы да қосымша талқылауға шығарылады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.