ДИКТОР: Қазан айында өтетін халықаралық қарттар күні қарсаңында «Адал еңбекке - Ақ бата» атты батагөйлер сайысы өтті. Жарыс қала әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылды. Жеңіс кімге бұйырды? Марапаттау шарасына қатысып қайтқан тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Шараға 12 қатысушы қатысты. Жиынның беташарын ақсақалдар өздерін таныстырудан бастады. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ақсақалдар еңбекке адалдық пен маңдай тердің мәнін дәріптеген өнегелі батасын берді. Екінші кезеңде өз жанынан еркін тақырыпта өсиет сөзін айтты. Басқосудың айрықша қыры – ақсақалдармен қатар ақ жаулықты әжелеріміздің де атсалысып, парасат-пайымы мен көрген-түйгенін жастарға үлгі етуі.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жалпы бата беру деген біздің халқымыздың дәстүрінде, салтымызда, әдет-ғұрпымызда бар екені белгілі бұрынғыдан. Небір атақты баталар бар. Атақты адамдарға, елге танымал болған адамдарға, еңбегі сіңген адамдарға алыстан жаңағы жүрегінде жалыны бар жастар, бірдеңе болам деген жастар, жаңа атағы шығып келе жатқан батырлар, билер, балуандар әдейі құрметтеп, бата сұрап келу бұрыннан бар дәстүр. Сондықтан, аталарымыз, аналарымыз ақ баталарын беруге арнайылап дайындалып келді.
РКС: Ақсақалдардың өмірлік өнегесін үлгі етіп, даналық қазынасын дәріптеу – ұлттық болмысты жаңғыртып, рухани тәрбиені салт-дәстүрмен сабақтастырудың бірегей жолы. Бүгінгі іс-шара – халқымыздың ұлт болып ұйысуына, береке мен бірлігіне ұйытқы болған бата беру дәстүрінің құндылығын ұлықтауға арналған.
СНХ: ШИЯП ӘЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Сол бұл өзі қазақтың бір дәстүрі. Жалғыз ғана бізде қазір батагөйлер жарысы емес, шахмат пен дойбыдан да жарыс жүрейін деп жатыр. Асық ату, бес асықтан өтілейін деп жатыр. Тоғызқұмалақ жарысы өтілейік деп жатыр. Бәрі сол қаланың әкімінің жүлдесі үшін қарттар күніне арналған, соған келем деген, қатынасам деген кісінің бәріне хабарластық, арнайы жібердік, газетке жаздық. Келем деген кісілер келіп қатынасып жатыр. Елімізде бұрыннан келе жатқан дәстүр ғой, бата беру деген.
РКС: Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Боқан Мүсетов еншіледі. Ал бірінші орынды Мұқан Жексенбай, жүлделі екінші орынды Абылғазы Рақымжанов иеленді. Үшінші орын Айтан Жылқыбайға бұйырды. Жеңімпаздар қарттар айлығында салтанатты түрде марапатталады.
СНХ: БОҚАН МҮСЕТОВ, БАТА БЕРУ САЙЫСЫНА ҚАТЫСУШЫ: Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді дейді. Осы бата деген адамның ішкі дүниесі мен өзінің жүрегінен шығу керек. Сол батаны кейбір ақсақалдар кітаптан, аннан-мыннан жаттап алады. Енді мен Алланың берген қасиеті шығар. Сол шын жүректен, шын жүректен шынымен шығып жатқан бата. Сол Алла тағалаға шүкір. Сол ризашылық білдіремін. Еліміз әрқашан да аман болсын.
Мәңгілік болсын еліміз,
Аман болсын жеріміз.
Иманды ұрпақ көбейіп,
Биіктей берсін еңсеміз.
РКС: Данагөй қарттардың даналығын дәріптеп, батасын бойына сіңіру – өскелең ұрпақтың парызы. Өйткені, қария – қазына, бата – аманат.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ