ДИКТОР: Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалы «Біз Президент реформасын қолдаймыз!» тақырыбында дөңгелек үстел басындағы жиын өткізді. Шарада өңірдегі жетекші саяси партиялардың аймақтық филиалдары бас қосты. Олар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды талқылап, оларды өңірлік деңгейде іске асыру тетіктерін пысықтады.

РКС: «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Баяжұма Президент бастамаларының аймақтық деңгейде жүзеге асырылу барысын баяндап, реформалардың қоғамды жаңғыртудағы маңыздылығын атап өтті.

СНХ: АСЫЛБЕК БАЯЖҰМА, «BAYTAQ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Президент ауқымды реформаларды ұсынды. Бұл реформалар әр азаматты сырт айналып өтпеуі тиіс. Мысал ретінде бірқатар айқын тәжірибені келтіруге болады. Еуропада реформалар дағдарыстан кейін экономиканы қайта аяққа тұрғызуға бағытталды. Германия өз уақытында жаңа технологияларға басымдық беріп, бүгінде өнеркәсіп саласында көшбасшы елге айналды. Оңтүстік Корея бір ғана ұрпақ ауысымында реформалар арқылы мемлекетті әлемдік электроника алыптарының біріне айналдырды. Ал көршілес Өзбекстандағы соңғы экономикалық және мемлекеттік басқару саласындағы өзгерістер инвестиция тартуға жол ашып, халықтың өмір сапасын жақсартты. Бұл елдердің барлығы маңызды қадам жасады – олар өзгерістерге бет бұрып, оны қолдауда табандылық танытты. Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи кезеңде тұр. Бізге тиімді институттар мен адал компаниялар қажет. Біз жаңарған Қазақстанда өмір сүретін балаларымыздың болашағын қолдаймыз.

РКС: Жиынға қатысушылар Президент реформаларының Қазақстанның дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Жиын барысында әділетті қоғам қалыптастыру, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін орнықтыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар заман талабына сай цифрландыру үдерісін дамыту және осы бағыт аясында «Алатау-Сити» смарт жобасын іске асыру мәселелері де сөз болды

СНХ: ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕМЛЕКЕТТІК КОМУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Менің пікірімше, жасанды интеллектті енгізу бүгінде қажеттілікке айналды. Біз артқа шегініп, өткенге байланып қала алмаймыз. Әрине, түп тамырымзға, тарихи-мәдени мұраға, генетикалық коды¬мызға жүгіну – маңызды әрі қажет. Бұл – түрлі этностардың, ұлттар мен халықтардың өкілдері ретінде біздің бірегейлігімізді көрсететін құндылық. Дегенмен уақытпен қатар ілгерілеуіміз қажет.

РКС: Жиын соңында қатысушылар ортақ үндеу қабылдап, Мемлекет басшысының реформаларын қолдау – елдің тұрақты дамуы мен болашағына қосылған үлес екенін жеткізді. Бұл жиын өңірде саяси диалог мәдениетін дамытып, партиялар арасындағы әріптестікті нығайтуға негіз екенін көрсетті.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ