ДИКТОР: «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті Көкшетауда көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібінде құрылыс және жер қатынастары саласындағы өңірлік кәсіпкерлікті қозғайтын жүйелі мәселелер талқыланды. Жиынға жергілікті бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

РКС: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыс саласына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол үкіметке құрылыстың барлық кезеңін толық қадағалау және мониторингілеу үшін ұлттық цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, президент жыл соңына дейін жаңа Құрылыс кодексін қабылдауды да міндеттеді.

СНХ: ДАНИЯР МОЛКЕНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Құрылыс кодексі 2022 жылдан бері әзірленуде. Қалалар, оның ішінде мемлекеттік маңызы бар аймақтардың дамуына қатысты қызу талқылаулар жүріп жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы құрылыс саласына цифрландыру мен жасанды интеллект қолдану қажеттігін атап өтті. Жақын арада құрылыс жобаларын жобалауда BIM технологияларын, атап айтқанда 3D модельдеуді пайдалану мәселесі зерттеледі.

РКС: Отырыс барысында қазір құрылыс саласының дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелерге тоқталды. Олардың қатарында қаржылық қиындықтар, құрылыс материалдарының қымбаттауы, тұрғын үйге сұраныстың төмендеуі, энергия қуаты мен кадр тапшылығы бар. Сала мамандары бюрократиялық процедуралар, оның ішінде техникалық шарттарды алу, цифрлық қызметтер мен мемлекеттік сатып алу порталындағы өзекті мәселелер кедергі тудырып отырғандарын алға басты. Өңірдің ерекшеліктеріне назар аударылды.

СНХ: ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, «АТАМЕКЕН» ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Құрылыс саласында, жалпы Көкшетау қаласы бойынша, әрине, электр қуатының тапшылығы бар. Яғни, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа жылу-электр орталығының құрылысын жоспарлап, іске қостық. Сондай-ақ жылумен қамтуға қатысты инфрақұрылымдық мәселелер де бар. Сондықтан жылу электр орталығы бұл қажеттіліктерді де өтейтін болады. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде кез келген нысанның құрылысын жүргізу үшін уәкілетті органдар рұқсат беруі керек. Өкінішке орай, қазіргі қуат көзі біз әзрлеген жобаларға кедергі келтіруде.

РКС: Жиын соңында оған қатысушылар бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, сарапшылар нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және қарау кезінде кәсіпкерлердің пікірін ескерудің маңыздылығына тоқтала кетті.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ