ДИКТОР: Облыс аумағында тамыздың 15-і мен қыркүйектің 15-і аралығында жылу беру маусымына дайындық барысында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өтті. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған бұл игі іске құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен волонтерлер белсенді түрде атсалысты.
РКС: Өткен жылу беру маусымында облыс аумағында 300-ден аса өрт тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 16 адам қаза тауып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Сондай-ақ, көмірқышқыл газынан улану деректері де тіркеліп, 4 адам зардап шегіп, 1 адам көз жұмды. Өрттің негізгі бөлігі пеш пен мұржалардың уақытылы тазаланбауынан, жылыту және электр желілерінің ақаулығынан, сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан орын алған,-дейді мамандар. Одан келген материалдық шығын 46 миллион теңгеден асқан.
СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Айлық аясында автономды жылыту жүйелері бар 28 мыңға жуық жеке тұрғын үй қамтылып, 83 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар халықпен 132 кездесу ұйымдастырылып, 3 мыңнан аса адам қамтылды.Айлық барысында шамамен 900 көмірқышқыл газы мен түтін анықтайтын датчик орнатылып, 100-ден астам пеш мұржасы тазартылды. Көпқабатты тұрғын үйлер аумағынан өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін 15 бетон бөгет алынды. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жылыту жүйелері мен ескі электр сымдарын жөндеуге көмек көрсетілді.
РКС: Негізгі назар әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерін комиссиялық тексеруге бағытталды. Қазір облыс бойынша шамамен 9 мың әлеуметтік осал отбасы есепте тұр. Олардың ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілді. Айта кетейік, бұқаралық ақпарарт құралдарында шамамен 700 материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 400-ден астам жазба орналастырылды.
СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көпшілік жиналатын орындарда 1,6 мыңнан аса үндеу дыбыс күшейткіш арқылы жарияланды. Тұрғын үйлерге QR-кодтары бар мыңға жуық жадынама таратылды. Мәдениет үйлері мен сауда орталықтарындағы LED-экрандарда бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ тұрғындардың мобильді телефондарына «112» нөмірінен ескерту SMS-хабарламалар мен мессенджерлер арқылы ұсыныстар жіберілді
РКС: Аймақта қыркүйектің 16-сы мен қазанның 16-сына дейін өрт қауіпсіздігі айлығының екінші кезеңі басталды. Бұл кезең әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін қайта аралауға және тұрғындардың өрт қауіпсіздігі бойынша білімін арттыруға бағытталған. Құтқарушылардың профилактикалық жұмыстары жылу беру маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды жылыту маусымына мұқият дайындалып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СООЛВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ