ДИКТОР: Қыркүйек айының әр үшінші сенбісінде әлемде сүйек кемігі донорының дүниежүзілік күні аталып өтеді. Осы датаға орай облыстық қан орталығында «Сүйек кемігі донорына мың алғыс» атты шығармашылық жұмыстар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Аталған конкурс 8 қыркүйекте бастау алған. Әріптесім Сәния Есімсейітова жалғастырады.
РКС: Сүйек кемігі – қан өндіру жүйесінің негізгі ағзасы. Ол қан жасушаларының тұрақты жаңаруын қамтамасыз етеді. Сүйек кемігін трансплантациялау кезінде пациенттің ағзасына донорлық дің жасушалары енгізіледі. Бұл жасушалар пациенттің сүйек кемігінде орнығып, жаңа қан жасушаларын қалыптастыруды бастайды. Қазақстанда сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі жұмыс істейді. Мәселен, еліміз бойынша 13500-ден астам азамат сүйек кемігі доноры болуға тіркелген, дегенмен олардың 20-сы ғана нақты донор ретінде әрекет еткен.
СНХ: АЙНҰР МАНАПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: Сүйек кемігі доноры-онкология, лимфома, апластикалық анемия сияқты ауыр қан ауруларымен күресіп жүрген адамдарға өмір сүру мүмкіндігін сыйлайтын бірегей мүмкіндік. Мұндай пациенттер үшін сауығудың жалғыз жолы – сүйек кемігін трансплантациялау. Сүйек кемігі донорларының тіркеліміне кіру үшін ерікті азамат ақпараттандырылған келісімге қол қойып, анкета толтырады және қан талдауын тапсырады. Донор 18 бен 45 жас аралығында, салмағы 50 кг-нан жоғары, дені сау және ауыр аурулары жоқ адам болуы тиіс.
СНХ: БАУЫРЖАН ЫБЫРАЕВ, ДОНОР: Бүгінде донорлар – адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге көмектесетін нағыз құтқарушылар. Жол-көлік оқиғалары, босану кезіндегі асқынулар немесе ота жасау сынды жағдайларда адамға шұғыл түрде қан қажет болады. Дәл осындай сәттерде донордың көмегі өлшеусіз. Мен өзімді қоғамға пайдалы адаммын деп есептеймін. 17 жылдық донорлық тәжірибемде менің қаным көптеген адамдарға қиын сәттерде көмек көрсетті. Қазіргі міндетім – тек донор болу ғана емес, сонымен қатар студенттер мен жастар арасында донорлықты белсенді түрде насихаттау. Бұл қасиеттерді әсіресе жастарға сіңіру маңызды. Өйткені бүгінгі жастарға мейірім, қайырымдылық пен ізгілік үлгілері қажет.
РКС: Байқауға қатысқан жеткіншектер сүйек кемігі донорлығы тақырыбында еркін суреттер салып, оларды Instagram әлеуметтік желісінде жариялады. Онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша үш жеңімпаз анықталып, облыстық қан орталығы тарапынан дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
СНХ: НҰРИСЛАМ ӨТЕШОВ, БАЙҚАУДЫҢ 3-ШІ ОРЫН ЖҮЛДЕГЕРІ: Сүйек кемігі доноры күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе көптеген адамдардың өмірін сақтап келе жатқан Сүйек кемігі донорларына айрықша алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырған Қан орталығына алғыс айтқым келеді. Үшінші орын иеленгеніме қуаныштымын. Болашақта мен де донор болып, көптеген адамдардың өмірін сақтауға үлес қосқым келеді. Баршаңызды осы ізгі іске атсалысуға шақырамын.
РКС: Аталған байқау сүйек кемігін донорлық ету жөніндегі халықтың хабардарлығын арттыруға арналған айлық шеңберінде өткізілді. Байқау балалар мен жасөспірімдердің донорларға құрмет сезімін қалыптастыруды басты назарға алған. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ