ДИКТОР: Көкшетауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 11 әйел арнайы жобаға қатысты. Үш күн ішінде әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебінде олар оқыту тренингтері мен семинарларынан өтіп, түрлендіру процедуралары жасалды. Бұл тәжірибе әйелдерге ішкі сенімділікке ие болып, жаңа өмірлік стратегия құруға қадам жасауға мүмкіндік берді.

РКС: Жоба әйелдердің қоғамдық-саяси мәселелерге қатысуын кеңейтуге, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл бастаманы «Шанс» дағдарыс орталығы «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» және «Әйел нұры» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асыруда.

СНХ: ОКСАНА ВОЛКОВА-МИХАЛЬСКАЯ, «ӘЙЕЛ НҰРЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебі – жобаның ең басты құрамдас бөлігі. Себебі, Ақмола облысының әйелдеріне еліміздің саяси үдерістерін түсіну, көшбасшылық әлеуетін дамыту, өз бойындағы маңызды қасиеттерді ашу мүмкіндігі берілуде. Бұл елдегі саяси үдерістерге де әсер етеді. Ақмолалық әйелдер белсенді азаматтық ұстаным танытып отыр, бұл қазіргі таңда өте маңызды.

РКС: Сондай-ақ іс-шараға өңірлік полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің өкілдері қатысты. Айта кетейік, жоба облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда.

СНХ: МЕРЕЙЛІМ ҚАРАУЫЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бүгін 2-ші кезеңі өзінің жұмысын бастап кетті. Оның ішінде 35 адамға сертификат бере отырып, республикадан білікті мамандарды шақыра отырып, спикерлерді шақырып семинардың 2-ші кезеңі өткізіліп келеді. Бұл семинар әйелдерге көшбасшылықты дамытуға және жеке бизнес ашуына, өздерінің жеке жұмыстарын алға ілгерілету бойынша қол септігін тигізеді деген ойдамыз.

РКС: Қатысушы әйелдер үшін дәрістер, тренингтер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Бағдарламаға визажист пен шаштараздың шеберлік сабақтары да кіргізілді. Мұндай формат әйелдерге өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға, ішкі қуатын сезінуге және өзін-өзі дамытуға жаңа жолдар ашуға көмектесті. Сыртқы түрлену ішкі сезіммен ұштасып, алға ұмтылу мен ерік-жігерді арттырды, – дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: АЛЬБИНА ДӘУЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Бүгін біз ерекше іс-шара өткіздік. Әйелдер ішкі-сыртқы тұрғыдан түрленді. Яғни, сұлулық процедуралары өткізілді, сонымен қатар психологпен, сенімділігін арттыру мәселелерімен жұмыс істедік. Яғни әйелдерге күнделікті тұрмыстық жұмыстар мен бала тәрбиесінің арасында өздерін ұмытпай, қандай әдемі, нәзік бола алатындарын еске салдық. Оларға шағын ғана жағымды мереке сыйладық.

РКС: Білім беру бағдарламалары мен түрлендіру блогының ұштасуы қатысушы әйелдерге тек қана білім мен дағдылар алуға ғана емес, сонымен қатар өзіне сенуге, сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Дағдарыс орталығының психологтары мұндай түрленудің әйелдердің эмоционалды қалпына келуінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жоба аяқталған соң әрбір әйелге сертификат табысталды.

ИНТЕРШУМ:

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.