ДИКТОР: Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның өзекті мәселелері цифрлық трансформация арқылы шешілуі тиіс. Бұл Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының тақырыбы. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір кейбір процестердің ұзаққа созылуы түрлі цифрлық жүйелерді қолдануға байланысты екенін атап өтті. Ал кей жерлерде ескіше қағазбастылықпен жүгіруді талап етеді. Осыған байланысты Үкімет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына түрлі қызметтердің сапасын арттыру тапсырылды.

РКС: Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кейбір шекаралық және кеден бекеттерінде жоғары сапалы интернеттің жоқтығы халықтың наразылығын тудыратына тоқталып кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жедел шешуді тапсырды. Президент жасанды интеллект арқылы тасымалдауды басқарудың көп функционалды цифрлық платформасын енгізуді жеделдетуді міндеттеді. Кедендік және логистикалық қызметтердің бірыңғай цифрлық жүйесі "Smart Cargo" қазан айының соңына іске қосылмақ. Бағдарлама жеке компанияларға инфрақұрылымға бірдей автоматтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ. Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған.

РКС: Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мемлекеттік кірістер органдары стратегиясының негізгі бағыты. Цифрландыру халықтың қанағаттану деңгейін арттырамақ. Демек, әрбір азамат мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде ала алады. Осылайша кезекте тұрмай уақыт үнемделеді.

СНХ: АЙНҰР ЕЛІКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Мемлекеттік кірістер органдары цифрлық технологияларды тиімді және жүйелі енгізуде. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша жыл басынан бері салық органдарымен 420 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 99,9 пайызы электронды түрде көрсетілді. Жалпы мемлекеттік кірістер органдарының 42 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Оның ішінде 25 түрі салықтық сұрақтар бойынша болса, 17-сі кеден қызметі боп саналады. Салықтық әкімшілендіру мен бақылау толық автоматтандырылған.

РКС: Telegram желісіндегі цифрлық салық кеңесшісі SalyqBot халыққа салық және кеден мәселелерін қазақ және орыс тілдерінде жылдам түсіндіреді. «E-SalyqAzamat» және «E-SalyqBusiness» тегін мобильді қосымшалары бірқатар салық рәсімін жеңілдеткен. Резиденттер салық есептілігін «Салық төлеуші кабинеті» арқылы береді. Кедендік декларациялардың бәрі ақпараттық жүйе арқылы қашықтан тапсырылады. Бұл адамның уақытын үнемдеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті «Кеден» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Ол кезең-кезеңімен барлық экспорттық-импорттық операциялардың бірыңғай терезесіне айналады.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.