ДИКТОР: «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиында есепті кезеңдегі жұмыстардың нәтижелері сараланып, оларға объективті баға берілді. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған даму басымдықтары айқындалды. Аталған маңызды шараға тілшіміз Сәния Есімсейітова қатысып қайтты.
РКС: Конференция кәсіподақ жарғысына сәйкес өтті. Күн тәртібінде төрағаның есебі, ревизиялық комиссияның баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ ұйымның жаңа төрағасы, атқару комитеті мен ревизиялық комиссия мүшелері сайланды. Биылғы жиынға аймақтың түкпір-түкпірінен келген 65 делегат қатысты. Олар «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Кәкеновтың бес жылдық есептік кезеңдегі жұмысын тыңдап, оның адами болмысына баға берді.
СНХ: САЛТАНАТ ЫДЫРЫСОВА, «АВИЦЕННА-БУРАБАЙ» СЕРІКТЕСТІГІ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Серік Кәкенов сондай дәрежелі. Степняк деген қалада глав врач болған. Ол кісі сондай ашық, тәжірибесі мол. Ол кісіден өмірлік тәжірибе алуға болады. Өзінен кейін оқытқан шәкірттері қаншама. Шәкірттері үлкен үлкен салада қызмет істейді. Мен Серік Кәкеновты 60 жыл білемін. Оған сәттілік тілеймін. Бізге осындай лидерлер керек.
РКС: Өз баяндамасында Серік Кәкенов соңғы бес жылдағы жұмыс нәтижелерін атап өтті. Осы кезеңде кәсіподақ медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында тоғыз сот процесіне қатысып, соның жетеуін толықтай жеңіп шыққан. Қалған екі іс бойынша келісімге келіп, кәсіподақ мүшелерінің мүддесі қорғалды. Конференция қорытындысы бойынша делегаттар бір ауыздан Серік Кәкеновты «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы қызметіне қайта сайлады.
СНХ: СЕРІК КӘКЕНОВ, «SENIM» ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Уақыт зымырап өтуде. Көзді ашып-жұмғанша бес жыл да өтіпті. Конференция өте жоғары деңгейде, бір демде өтті. Ең бастысы – біз жаңа төраға үшін бірауыздан дауыс бердік. Әдетте мұндай жиындарда үш-бес адам қарсы шығып немесе қалыс қалатын жағдайлар кездеседі. Бұл жолы барлық делегаттар бірауыздан қолдады. Бұл біздің кәсіподақ ұйымының берік әрі бірлікке негізделгенін көрсетеді. Алдымызға көптеген міндеттер қойылған. Біз оларды адалдықпен, әділдікпен жүзеге асыра отырып, кәсіподақ жұмысын одан әрі күшейтеміз.
РКС: «SENIM» кәсіподағының жүйелі қызметі медицина қызметкерлерінің өмірін жақсартуға, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және кәсіподақ қозғалысының беделін күшейтуге бағытталған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ