ДИКТОР: Көкшетауда нашақорлыққа қарсы ауқымды рейд өтті. Акция «Қарасора-2025» және «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында ұйымдастырылды. Оған полиция, прокуратура өкілдері, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты, «Esirtkisiz.Aqmola» фронт-кеңсесі, сондай-ақ UNICEF волонтёрлері мен колледж студенттері атсалысты.

РКС: Екі топ Красный Яр және Зеренді саяжайларына шықты. Қатысушылар полицейлермен бірге қараусыз қалған үйлер мен олардың айналасын тексерді. Ықтимал есірткі зертханаларын және тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жазбаларды іздеуге ерекше назар аударылды.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аталған іс-шараға 100-ден астам адам қатысты, оның денін волонтёрлер құрағанын атап өткім келеді. Мұнда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, криминалдық полицияның қызметкерлері мен учаскелік инспектор жұмылдырылған. Есірткі сайттарын анықтау, оларды жою, сондай-ақ синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар болуы мүмкін күдіктілер мен үйлерді анықтау бүгінгі шараның негізгі міндеті.

РКС: Полиция қызметкерлеріне волонтёрлер көмек көрсетті. Олар тұрғындарға ақпараттық буклеттер таратып, көпқабатты үйлер мен түрлі қоршауларға жазылған заңға қайшы келетін жарнамаларды жойды. Сондай-ақ күдікті орындарды тексеруге қызметтік ит те көмекке келді.

 ИНТЕРШУМ:

СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз бірнеше жылдан бері құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қала аумағындағы жарнамаларға қарсы күрес жүргізіп келеміз. Қазір қала аумағында орнатылған бейнебақылау камераларының арқасында есірткі жарнамасы мүлдем жоқ. Бірақ, Зеренді мен Красный Яр саяжайлары жасырын есірткі таратушылар үшін әлі де қолайлы орынға айналып отыр.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай рейдтер есірткінің таралуын болдырмауға, сонымен қатар жастарды маңызды қоғамдық қозғалысқа тартуға да ықпал ететінін айтуда. Есірткі қылмысын анықтау, оның жолын кесу және алдын алу жұмыстары жалғаса береді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ. ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.