ДИКТОР: Соңғы үш жылда аймақтың мәдениет саласын дамытуға 15 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Аталған қаражат есебінен 12 жаңа мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, бір нысан жаңартылды. Бұдан бөлек, 62 мәдениет үйі жөнделді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сегіз айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте хабарлады. Мәдениет саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер жайлы брифингке қатысып қайтқан тілші баяндасын.

РКС: Жақын арада Ақмола облысында мәдени өмірді дамыту мақсатында бірқатар жаңа нысандар ашылмақшы. Щучинск қаласында 1,5 миллиард теңгеге жаңа мәдениет үйі, Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылында 800 миллион теңгеге бос уақытты ұйымдастыру орталығы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, наурызда Қосшы қаласында елімізде алғаш рет халықаралық стандарттарға сай Креативті хаб ашылды.

СНХ: АЙГҮЛ СӘБИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл ерекше жоба Болат Өтемұратов Қорының бастамасымен жүзеге асырылып, өңірдегі шығармашылық және инновациялық саланы дамытуға жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын Креативті хаб бір уақытта 1000 адамды қабылдай алады. Құны 20 миллион доллар болатын бұл жоба қалалық бюджет есебінен тегін берілді. Бұдан бөлек, Зеренді ауылындағы Креативті хабтың құрылысы жалғасуда.

РКС: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектті кеңінен енгізу және цифрландыру елдің барлық саласындағы әлеуетін арттыратыны атап өтілді. Осы бағытта облыс музейлерінде «АС-Музей» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізіліп, аудио-гид қызметі іске қосылды. Облыстық музей қорында 170 мыңнан астам жәдігердің 85 проценті цифрландырылды, 400-ден астам тарих пен мәдениет ескерткіші QR-кодтармен жабдықталды, 3D-турлар мен 45 киелі нысан бойынша бейнероликтер дайындалды.

СНХ: АЙГҮЛ СӘБИТОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Цифрландыру аясында облыстың тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D үлгілерін жасау жұмыстары жүргізілуде. Есепті кезеңде облыстың барлық мәдениет ұйымдарында билет сатылымының 71 пайызы онлайн түрде «Тикетон» сайты арқылы жүзеге асырылды. Мемлекеттік кітапханаларда ақпараттық жүйелер енгізілуде. Кітапхана желісінің өлкетану әдебиеті мен жергілікті ақын-жазушылардың кітап қоры толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Барлығы 4,591 дана.

РКС: Айта кетйік, биыл өңірде үш мәрте жаңа рекорд орнатылды. Көкшетауда Наурыз мерекесінде 1 600-ден астам кимешек киген арулар шеруі Қазақстандағы Гиннестің Рекордтар кітабына енсе, Ұлттық домбыра күнінде Целиноград ауданында үш мың домбырашы бір мезетте «Балбырауын» күйін орындап, рекордқа қол жеткізді. Бұған кәсіби музыканттармен қатар, балалар, жастар, ересектер мен зейнеткерлер де қатысты. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы мен Қосшы қаласының 4 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлық шарада 307 жұп вальс билеп, тағы бір белесті бағындырды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ