ДИКТОР: Ел игілігі жолындағы адал еңбек пен төгілген тердің дер кезінде бағалануы – әрбір еңбек адамы үшін ең үлкен мәртебе. Соңғы жылдары мемлекеттік мерекелер аясында еңбек адамдарына құрмет көрсету игі дәстүрге айналған. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тауып бір топ еңбек адамы Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің алғыс хатымен марапатталды. Әріптесім Сәния Есимсейітова жалғастырады.
РКС: Еңбек күніне орай Көкшетауда жас маманнан еңбек ардагеріне дейін қырықтан астам адам марапатқа ие болды. Олардың қатарында түрлі сала қызметкерлері, үздік еңбек әулеттері, жас мамандар мен тәлімгерлер бар. Бұл шара еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға және жас буынды еңбекке ынталандыруға бағытталған. Шара барысында Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев барша жиналған жұмысшыларды төл мерекемен құттықтады.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы Мемлекет басшысының уақыт талабына сай жариялаған маңызды шешімі. Бұл бастама қарапайым еңбек адамының қоғамдағы орнын биіктетуге, кәсіптік білімді жетілдіруге және еңбек адамына деген құрметті нығайтуға бағытталған. Құрметті жерлестер, сіздердің еңбектеріңіз, мемлекетеміздің берік тірегі жарқын болашағымыздың кепілі.
РКС: Жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын республикалық «Еңбек жолы» байқауы өткізіледі. Байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен қатысушыларына да ерекше ілтипат көрсетілді. Солардың бірі – «Еңбек жолы» байқауында «Үздік еңбек әулеті» номинациясын жеңіп алған Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейі математика пәнінің мұғалімі Ырысалды Болатова. Бұл әулет үш ұрпақты қамтыған еңбек династиясы. Бұл отбасының білім беру саласындағы жалпы еңбек өтілі 53 жыл.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЫРЫСАЛДЫ БОЛАТОВА, «ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Менің еңбек өтілім 30 жыл. Мінекей 30 жылдан астам ұстаздық жолды жалғап келе жатырмын. Маған дейін менің анам 37 жыл осы жолда ұстаз болып еңбек еткен. Бүкіл өмірін осы мектепке, оқушыларға арнаған. Анамның осындай еңбегіне қызығып мен де осы жолды таңдадым. Анам айтқан «Мұғалім болсаң, сыйлы боласың» деп. Маған қарап менің ұлым да ұстаздық жолды таңдады. Қазір жас маман. Осы жолда еңбек етіп жүргенімізге еш өкінген емеспіз.
РКС: Айтулы мереке күні марапатқа ие болғандардың қатарында қарапайым көлік жүргізушісінен бастап мемлекеттік қызметкерлерге дейін бар. Әр мамандық иесінің еңбегі – ерен, қызметі – ерекше, еңбек өтілі – әртүрлі. Дегенмен барлығын біріктіретін ортақ қасиет – өз ісіне адалдық пен жауапкершілік. Бұл марапат еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеріп, жас ұрпаққа өнеге болмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ