ДИКТОР: Қазақтың әйгілі әнші-композиторы, ақын, халық музыкасының көрнекті өкілі, Көкше жерінің тумасы, Арқаның әншілік өнерін өркендетуші, сол дәстүрдің алтын діңгегіне айналған дара тұлға Үкілі Ыбырайдың туғанына 165 жыл. Осы атаулы датаға орай композитордың есімімен аталатын облыстық филармонияда «Қалдырған әнім аманат» атты мерекелік концерт өтті. Ән мен жырға толы әсем кештің барысын тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мерекелік концерттің шымылдығы Үкілі Ыбырайдың өмірі мен өнердегі өрелі жолын арқау еткен деректі фильммен түрілді. Дәстүрлі өнердің дарабозы, Алты Алаштың ардақтысының шығармашылық мұрасын халыққа кеңінен таныту, оның сырлы сазға, шынайы лирикаға құрылған, табиғатпен үйлескен терең туындыларын көрермен болмысына бойлатып, төл өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру шараның басты мақсаты. Бас киіміне үкі тағып, жасынан серілік жолға түскен балаң жігіт әні – көкжиектен көктеп шыққан таңның нұрындай, Көкшенің сексен көлін тербеткен самал желдей, аспандағы аққумен үндескен сұлу саз. Ұлы дала төсінде тербеліп жеткен бұл әуендер сахна төрінде жыр болып төгіліп, өз тыңдарманын тапты.
СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Бұл кештің мақсаты – сырттағы өнерпаздарды Көкшетауға шақыртып, сол Көкше әнінің Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері әндерінің осы сахна шырқалып, олардың тарихы айтылып, елге Көкше халқына ұлттық рухтағы өнеріміз шырқалсын деген мақсатта өткізіліп жатқан рухани шара. Бұл бірнеше жыл өзінің жалғасын тауып келе жатыр және де оның мақсаты елді сол ұлттық өнерге баулу мақсатында жасалып жатыр.
РКС: Шара барысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген елге танымал майталмандар, танымал әншілер өнер көрсетті. Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі кештің көркін қыздырды. Филармония ұжымы шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене қатысты. Қатысушылар «Гәкку» әнін түпнұсқа және өңделген нұсқасында да шебер орындап, тыңдармандарды тәнті етті. Сонымен қатар «Қызыл асық», «Ер Көкше», «Қараторғай» сияқты әндері шырқалды.
СНХ: НҰРБОЛ АРЗАМАСҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ (АСТАНА ҚАЛАСЫ): Үкілі Ыбырайдың замандасы болған, сол заманда өмір сүрген қазақтың ақтаңгер ақындарының бірі Нұржан Наушабайдың «Көкенай» әнін орындадым. Көкше жері жалпы өнерге тұнған алтын көмбе ғой. Міне сонау ұстаздар Орынбайдан бастау алып, Шөже ақындардан дәріс алып, солардың жолын көріп, міне Ыбырай атамыздың бүгін ескі әні бүгін қайтадан жаңғырып жатыр. Осынау ұлттық кодымызға айналған халықтың өнері, халық композиторларының шығармашылығы, өсиет сөздері, насихаттары күні бүгін бізге жетіп отыр өскелең ұрпаққа. Сол жалғасын табуда.
СНХ: МЕДЕТ ОСАТАЕВ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ (ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ): Бүгін ән қонған атақты қазақ өнеріне қазақ әніне алтын ғасыр сыйлаған көкше еліне келіп Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының 165 жылдығына арналған «Қалдырған әнім аманат» атты концертіне шығып, бабамыздың, атамыздың «Гәкку» әнін орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатырмыз. Елден ән кетпесін, қазақ өнері жасай берсін. Осы Көкше елінен аталарымыз сияқты, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері сияқты керемет қазақ өнеріне алапат өзгеріс әкелетін ұрпақтар келе берсін.
РКС: Салтанаттың әр сәті – халықтың өз ұлына деген адал махаббаты мен шынайы құрметінің көрінісі болды. Ән мен жырға сусындаған көрермен ізгі тілектері мен ақжарма ниеттерін білдірді.
СНХ: ЖАНАТ АХМЕТЖАНҰЛЫ, КӨРЕРМЕН: Үкілі Ыбырай атамыз осы жалғыз мына Қазақстанға емес, мынау әлемге аты әнімен шығарып отқан атамыз ғой.+СКЛ+Мынау Көкшеден көп әнші, өнерпаз адамдар шықты ғой. Мынау Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Нұрым, сосын тағы Кәкімбек Салықов. Бұл өнерлі мекен ғой Көкше негізі. Батырларлың, балуандардың. Неге ондай өнерпаздар шығып жатыр десеңіздер, біздің қазақтың қанында бар екен. Жақсы концерт өтті, халық залға сыймай кетті, рахмет осы өнерпаздарға, еңбектеріне рахмет.
РКС: Киелі Көкше жері – сал-серілердің сырлы сазына толы сандық. Сол сал-серілер салған соқпақты жалғау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ