ДИКТОР: Биыл облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс 74 тексеру жүргізді. Құрылыс компанияларына анықталған құқық бұзушылықтарды жоюға қатысты 67 ұсыным берілді. Құрылыс субъектілері бойынша нысандарды пайдалануға қабылдау актілері мен құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарламалар қаралды. Басқарма 132 әкімшілік іс қозғаған.

РКС: Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында 844 нысанды пайдалануға қабылдау актісі қаралды. Олардың тек жартысы ғана мақұлданды. Жыл басынан бері ведомство 45 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салған. Сот қарауына 39 әкімшілік іс жолданды.

СНХ: РАУАН ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Жобаның талаптарына және құрылыс сапасына сәйкес келмеу бойынша 9 мердігер ұйым мен 5 техникалық қадағалаушы жауапкершілікке тартылды. Бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша 2 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жобалық және рұқсат құжаттары жоқ 37 құрылыс субъекті жауапқа тартылды.

РКС: Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитет құрылыс компанияларын автоматтандырылған тексеруді бастамақ. Егер фирманың тізімінде аттестатталған қызметкерлер немесе өндірістік база туралы деректер болмаса, лицензия автоматты түрде 6 айға тоқтатылады немесе күші жойылады. Жүйе ұйымның талаптарға сәйкестігін өздігінен анықтайды. Мұның басты мақсаты – тәртіп орнатып, құрылыс қызметтерінің сапасын арттыру.

СНХ: РАУАН ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Құрылыс саласына қойылатын талаптар жыл сайын күшейіп келеді. Сондықтан барлық лицензия иелеріне, яғни барлық категориядағы лицензияларға ие тұлғаларға, өздерінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында аудит жүргізу қажет. Бұл болашақта лицензияның тоқтатылуы немесе күшінің жойылуына жол бермеу үшін аса маңызды.

РКС: Қазір облыс аумағында проблемалық үлестік 3 құрылыс нысаны бар. Шамамен 430 үлескер тіркелген. Барлық нысан Қосшы қаласының аумағында орналасқан. Тұрғын үй кешендері бойынша мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ