ДИКТОР: Бурабайда "Aqbura Bay Trail" атты бесінші халықаралық трейл жүгірісі өтті. Оған 11 елден бір жарым мыңнан астам адам қатысты. Жарыс King & Queen of the North деп аталатын жаңа экстремалды серияның екінші кезеңіне айналды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жарыс бағыттары ерекше табиғи көріністерге толы – Үлкен Шабақты мен Текекөл көлдерінің арасында өтті. Aqbura Bay Trail – жай ғана спорттық шара емес, бұл – төзімділікті, рухты және табиғатқа деген сүйіспеншілікті сынайтын жарыс. Қатысушылар қатарында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Испания, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Беларусь, Италия және тағы басқа елдерден келген спортшылар бар.

СНХ: МАРИЯ ТЕН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Мен трейл жүгіріске алғаш рет қатысып тұрмын. Қиындығы бар, бірақ маған қатты ұнады. 11 шақырымдық қашықтық – керемет әсер қалдырды. Біз Балқаш қаласынан командамызбен бірге арнайы келдік, бізде өз ассоциациямыз бар.

СНХ: ИСЛАМ МҰЗРАПОВ, ҚАТЫСУШЫ: Мен Шымкенттен келдім. Бұл жақтың аспаны ерекше әдемі. Ұйымдастыру өте жоғары деңгейде. 23 шақырымдық қашықтық та керемет болды. Барлығына кеңес беремін – бәрі тамаша!

РКС: Aqbura Bay Trail – King & Queen of the North деп аталатын жаңа экстремалды серияның бір бөлігіне айналып, халықаралық спорт қауымдастығының назарын аудартты. Ұйымдастырушылар атап өткендей, трейл жарыстарын дамыту — ішкі туризмді қолдаудың бір жолы.

СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Биыл 11 елден 1570 қатысушы тіркелді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қатысушылар қатарында Канада, Аустралия, Америка және жақын шетелдер бар. Алғаш болып 51 шақырымдық веложарыс басталды. Одан кейін 51 шақырымға жаяу жүгіру, ол жерде тек тәжірибелі, физикалық дайындығы бар спортшыларға ғана рұқсат берілді. Бұдан кейін 23 және 11 шақырым қашықтықта жүгірді. Сондай-ақ скандинавиялық жүріс және балаларға арналған 1000 және 500 метрлік жарыстар ұйымдастырылды.

РКС: Aqbura Bay Trail Бурабайдың белсенді демалыс пен экстрим туризмінің орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсті. King & Queen of the North сериясының келесі кезеңі осы күзде өтпек.

ИНТЕРШУМ:

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ