ДИКТОР: Жерлесіміз, көрнекті публицист-жазушы, әдеби сыншы және аудармашы Бигелді Ғабдуллин 70 жасқа толып отыр. Осы мерейлі датаға орай қаламгер туған жеріне арнайы келіп, «Шабытқа толы 70 жыл» атты шығармашылық кешін өткізді. Шабыт пен сырға толы кеш туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Бигелді Ғабдуллин - Бұланды ауданына қарасты Қыстау - Қарағай ауылының тумасы. Өңірдің мақтанышы, жаңа кезеңдегі Қазақстан медиа кеңістігінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Қаламгердің өмір жолы күрделі кезеңдерімен және тағдырдың тосын бұрылыстарына толы драматизммен ерекшеленеді. Аталған шығармашылық кеште Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова аймақ басшысы Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізді. Мерейтой иесіне шапан жауып, ілтипатын білдірді.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЛТЫНАЙ ӘМІРЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сіздің өмір жолыңыз, ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбектің, сөзге адалдық пен парасаттың жарқын үлгісі. Сіз терең ойлы жазушы, журналист қана емес, сонымен бірге, қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын сезінетін, ұлттық құндылықтарды ту еткен қайраткерсіз. Қаламыңыздан туған еңбектеріңіз бүгін қазақ әдебиетінің қазынасы.

РКС: Шара аясында жазушының қызықты өмір жолынан сыр шертетін фотогалерея ұсынылды. Сонымен қатар, қаламгердің шығармашылық жолын айғақтайтын кітаптары мен еңбектері қойылған арнайы әдеби көрме де көпшіліктің назарына ұсынылды. Әрқашан халқым деп қалам тербейтін қара сөздің шебері нағыз журналист, жазушының қандай болу керек екенін атап өтті.

СНХ: БИГЕЛДІ ҒАБДУЛЛИН, ПУБЛИЦИСТ ЖАЗУШЫ: Мектепте жүргенде ешқашан журналист боламын деп ойлаған жоқ едім. Біреулер ойлайды, журналист болу ол-туған талант, жоқ. Журналистика деген ол қарапайым профессия. Білімі бар, стилі бар, кез-келген адамды журналистикаға үйретуге болады. Вашингтон қаласында 4 жыл тұрдым. Сонда мен сонша сағындым елді. Әрине Америкада қалуға да болатын еді. Күйім де болды, үйім де болды. Бірақ, сағыныш адамды өлтіреді екен. Ол жақта қатты сағынғанда жылап, мұңыңды айтатын қайың да жоқ қой. Жастарға айтарым, шетелде оқы, біліміңді ал, бірақ еліңе келіп қызмет жаса.

РКС: Кешке зиялы қауым өкілдерімен қатар, жазушының туған ауылынан келген жерлестері, туған - туыстары және Алматы қаласынан шығармашылық әріптестері де қатысты. Олар Бигелді Ғабдуллиннің шығармашылық жолы мен жетістіктерін айтып сыр шертті. Кеш қонақтары құр қол келмеді. Алматыдан сый сыяпаттарын арқалап келген. Бірі жыр арнаса, енді бірі Қазақстан Жазушылар одағының атынан "Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапаттады.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: БАУЫРЖАН ЖАҚЫП, «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ: Бигелді Ғабдуллин негізі шығармашылығын журналистикадан бастаған. "Казахстанская правдада", Қазақстан жазушылар одағында қызмет еткен. Одан кейін бұл кісі деректі көркем шығармалар жазуға кірісті. Өзі публицист, өзі үлкен жазушы. "Сизо", "Мараль" деген кітабы шықты. Мәскеудегі үлген журналдарда жарық көрді бұл шығармалары. Қаңтар оқиғасы туралы деректі шығарма жазды. Қазақстанның он облысын аралап, сол оқиғаға айқын баға берген шығармалардың бірі. Ол өзін өзі қайрап, шын мәнінде өзін жігерлендіріп шығармашылық жолға түскен адам.

РКС: Бигелді Ғабдуллиннің барлық туындылары шынайы өмірден алынған оқиғалар желісімен жазылған. Оның «Мараль» және «СИЗО» атты кітаптары - оқырманның жүрегінен орын алған өткір әрі әсерлі туындылар. Қаламгер бүгінде Қазақстанның ПЕН-клуб бөлімшесінің президенті ретінде де отандық әдебиет пен сөз өнерінің дамуына үлес қосып келеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ