ДИКТОР: Оқушылардың жазғы демалысы аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Шәкірттермен бірге ұстаздар мен кітапханашылар да еңбек демалысын аяқтап, жаңа серпінмен дайындықты бастады. Осыған байланысты мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
РКС: Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесіне сәйкес қажетті оқу әдебиеттеріне тапсырыс беру барысында өңірдегі білім алушылар саны және оқыту тілі міндетті түрде ескеріледі. Ағымдағы оқу жылында оқу бағдарламасының өзгеруіне байланысты 4-ші сыныптар үшін 6 оқулық, 7-ші сыныптар үшін 13, сондай-ақ 8, 10 және 11-ші сыныптар үшін 2 оқулық қайта басылып шықты. Биыл оқулық жетіспеушілігі болмайды деп отыр мамандар.
СНХ: АЙГҮЛ ШАҚШАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бүгінгі таңда барлық баспалармен келісім-шарт жасалды. Оқу жылының басына дейін барлық оқулықтар білім ұйымдарына жеткізіледі. Жетпеген оқулықтардың бәріне биыл тапсырыс жасалды. Оқу жылының басында әр райондар бойынша мектептердің оқушы санына байланысты болжау жасалады. Оқулықтар қорына соған байланысты тапсырыс беріледі.
РКС: Бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер білім берудің заманауи талаптарына толық сәйкес келіп, оқушылардың сапалы білім алуына, сондай-ақ болашақта қажетті маңызды дағдылар мен білімдерді меңгеруіне бағытталған.
СНХ: ЛӘЗЗАТ СЫЗДЫҚОВА, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП- ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ: Оқулықтарды оқушыларға таратуға дайындық үстіндеміз. Арнайы кесте құрылып, ең алдымен уақыты,мерзімі көрсетілген кесте оқушылар мен ата-аналарға таратылады. Сосын қордағы бар оқулықтарды оқушыларға таратып береміз. Биыл 4 пен 7-ші сыныптың оқулықтары жаңартылмақшы. Бізде оқулықтардың жетіспеушілігі болмайды. Өйткені аймақаралық кітап алмасу үрдісі бойынша оқулықтар басқа мектептерден алмастырылып алынады. Осы бойынша оқушыларды 100 процент оқулықпен қамтамасыз етеміз.
РКС: Айта кетейік, 1 тамыздан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Аталған акция 30-шы қыркүйекке дейін жалғасады. Осылайша, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары толық әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ