ДИКТОР: Бүгін аймақ басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен кезекті әкімшілік отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы талқыланды. Кеңейтілген отырысқа қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ жауапты сала мамандары қатысты. Күн тәртібінде негізгі экономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы, бюджеттің атқарылуы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секторының даму қарқыны, инвестиция тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды.

РКС: Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды өсімді көрсетуде. Өңір экономикасының негізгі тірегі - өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы. Жалпы өңірлік өнімнің жартысына жуығы осы салаларға тиесілі. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндіру көлемі 958 миллиард теңгеге жеткен. Бұл бағытта Көкшетау қаласы, сондай-ақ Зеренді, Атбасар, Жақсы және Бұланды аудандары озық үлгі көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады.

СНХ: АЛМАГҮЛ ШҰҒЫРМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ауыл шаруашылығында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4,1 процентке өсті. Жылдық жоспар 106,4 процент деңгейінде, яғни шамамен 1 трлн 40 млрд теңге көлемінде орындалады деген болжам бар. Өсімдік шаруашылығына, оның ішінде дәнді дақылдарға басымдық беріліп отыр. 7 миллион тоннаға жуық өнім алу жоспарлануда. Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 104,1% процентке өсті. Бұл үрдіс жыл соңына дейін жалғасады деген болжам бар.

РКС: Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,6 млрд теңге. Оның 31,4 млрд теңгесі шетелдік инвестицияға тиесілі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Инвестициялық өсім әсіресе Көкшетау қаласы мен Аршалы ауданында ерекше байқалады. Жыл соңына дейін өңірге кемінде 800 миллиард теңге инвестиция тарту міндеті тұр. Осыған орай облыс әкімі Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, көзделген жоспарды орындауды тапсырды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ауыл шаруашылығымен айналысатын әкімдер қараңдар мұқият. Мен бүгін Зеренді ауданын үлгі ретінде көрсетіп отырмын. Бұланды ауданында өздеріңіз білесіздер үлкен құс фабрикасы бар. Тағы да басқа өндірістер бар. Сол өндірісі бар жерлер бүгін міне алға шығып отыр. Аймақтың көрсеткішіне, халықтың кірісіне өз септігін тигізіп отыр. Сондықтан әлі кеш емес. Қазір мүмкіндіктер көп. Бордақылау орталығы, сондай тағы да инвистициялар жасап, ауданды дамытуға толық мүмкіндіктеріңіз бар. Жай қарап отырмаңыздар, инвистиция тартыңыздар, жұмыс орындарын ашыңыздар, озық технологияларды енгізіңіздер.

РКС: Өңірде жалақы өсімі де байқалады. Орташа жалақы мөлшері 343,5 мың теңге. Ең жоғары жалақы көлік, қаржы және өнеркәсіп салаларында тіркелген. Жиын соңында аймақ басшысы Марат Ахметжанов аудан әкімдері мен басқарма басшыларына алдағы кезеңде өндірістегі өнім өндіру көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу және озық инновациялық технологияларды енгізу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруды тапсырды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ