ДИКТОР: Рахымжан Қошқарбаев ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Ауыл халқы бұл ғимаратты ұзақ күткен еді. Енді 2 мың тұрғын тексерістен өтіп, білікті көмек ала алады. Заманауи ғимарат пен жаңа құрал-жабдық ауылдық денсаулықты жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесі.

РКС: Рахымжан Қошқарбаев ауылында 2 мыңға тарта түтін бар. Оның 8-і жаңа туған сәби. Бұған дейін фельдшерлік-акушерлік пункт 260 шаршы метр аумақта арнайы жабдықталмаған ғимаратта орналасқан еді. Заман талабына да сай келмейтін. Бұдан былай медициналық көмек жаңа ғимаратта көрсетіледі.

СНХ: МАРАЛ АРХАБАЕВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ЕМХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында бұл ауылда осындай керемет фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Бірнеше кабинет, мысалы, физиотерапия бөлмесі бар. Фертальды монитор да қарастырылған. Екі дефибриллятор, инфузорлы сорғы да бар. Бұлардың бәрі өте қымбат құрылғы екенін айта кеткім келеді. Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы ауыл тұрғындарына толық әрі қолжетімді көмек көрсетуге арналған жақсы жәрдем.

РКС: Жаңа медициналық нысан заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Санитарлық және техникалық стандарттарға сай. Енді ауыл тұрғындары ауылдан ұзап шықпай-ақ дәрігерге көрініп, кеңесін, сырқатына байланысты ем-дом шараларын да алады. Скринингтен өту мүмкіндігі де қарастырылған.

СНХ: ФАТИМА БАХТЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: 30 жылдан астам осы ауылда тұрамын. Елдімекен жыл озған сайын жаңғырып, гүлденіп келеді. Жол бар, көшелер жап-жарық, су үйге келіп тұр. Енді міне, көптен күткен фельдшерлік-акушерлік пункт игілігімізге беріліп жатыр. Президент емханасына кіргендей әсерде болдым. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Денсаулық басты байлық. Ауырмайық. Ақ халатты абзал жандардың емі бізге шипа болсын. Еңбектері лайықты бағалансын дегім келеді.

СНХ: МҰХТАРИМА ОРДАБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Осы Рақымжан Қошқарбаев ауылында 42 жыл тұрамын. Бүгінгі күні біздің ауылымызда дәрігерлік орталық ашылып жатыр. Облыс әкімі, аудандық әкімшілікке ризашылығымыз мол. Бұрын бізде медициналық орталық болған жоқ. Әкімшіліктің ғимаратынан бір бөлме жалдап отырдық. Соған барып жүрдік, Қабанбай ауылына барып жүрдік. Ал бүгінгі күні өзіміздің өте тамаша ғимаратымыз ашылды. Біздің болашағымызға, балаларымызға, немерелерімізге – бұл үлкен бақыт, үлкен қуаныш.

РКС: Айта кетейік, «Ауылдық денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақтың 14 елдімекенінде 28 денсаулық нысаны салынды. Жыл соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тағы 10 нысанының құрылысы аяқталады.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ