ДИКТОР: 2026 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызмет көрсетудің жаңа тәсілі күшіне енеді. Президенттің тапсырмасына және халықаралық стандарттарға сәйкес Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі. Бұл шешім қайталанатын функцияларды жоюға, бастапқы медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
РКС: Жаңа заңға сәйкес келер жылдан Бірыңғай базалық медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады. Бұл пакет тегін мемлекеттік көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтерді нақты ажыратады. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар онкоскринингтен өтіп, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша медициналық көмек ала алады. Бұл ауруларды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлінеді.
СНХ: ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Енді жергілікті атқарушы органдар D және E санаттары бойынша әлеуметтік әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және шұғыл жағдайда тұрған азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлейді. Облыс бойынша мұндай санатқа 35 845 адам жатады. Бұдан бөлек, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл аймақтардағы жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік бермек. Жұмыс орындарын ашу, кедейлікті азайту және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдауға ықпал етеді.
РКС: Бүгінде тегін кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында диагностикалау әлеуметтік маңызы бар тек екі сырқат бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына адам иммунитеті тапшылығының вирусы және туберкулез кіреді. Жаңа бірыңғай пакет әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалау кепілдігін кеңейтеді.
СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Сақтандырылмаған азаматтар үшін келесі базалық қызметтер қолжетімді. Оларға алғашқы медициналық-санитариялық көмекке жүгіну, вакцинация, онкоскринингтер, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік болған жағдайда диагностикалау, жедел және шұғыл медициналық көмек, барлық әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу, оның ішінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, инфекциялық аурулар кезіндегі медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім сияқты қызмет кіреді.
РКС: Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу халықты әлеуметтік мәртебесіне қарамастан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен кеңірек қамтуға мүмкіндік береді. Бұл ерте диагностикалау мен скринингке қолжетімділікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар ауруларды уақытылы анықтап, емдеуге жол ашады. Соның нәтижесінде аурулардың алдын алу тиімділігі артады, жалпы сырқаттанушылық деңгейі төмендейді және әрбір азамат үшін қажетті медициналық көмекті алу мүмкіндіктері тең дәрежеде қамтамасыз етіледі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ