ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірде 364 өрт оқиғасы тіркелді. Басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында орын алған. Өңірде өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында қандай шаралар қолданылып жатыр? Тілшіміз баяндайды.

РКС: Өңірде жыл басынан бері тұрғын үй секторына қатысты 256 өрт жағдайы тірклеген. Құтқарушылардың көмегімен 9 адам құтқарылса, тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмапты. Тағы 4 адам түрлі жарақ алған. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда өрттің шығуына тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Өрттің негізгі себептері - электр жабдықтарының ақаулығы, оларды дұрыс орнатпау, сондай-ақ жеке тұрғын үй секторында пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайды. Негізінен көп жағдайда азаматтардың қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан орын алады. Ақмола облысының құтқарушылары үнемі алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Бұл іс-шаралар орман алқаптарында да, жеке тұрғын үй секторларында да ұйымдастырылады. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері мен профилактикалық талаптары түсіндіріледі.

РКС: Бірақ, соған қарамастан өрт оқиғаларның фактілері азаймай тұр,-дейді мамандар. Өрт қаупі маусымы басталғалы өңірде 21 орман өрті фактісі тіркелді. 15 гектардан астам аумаққа зақым келді.

СНХ: АБЗАЛ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бүгінде осы 21 жағдайдың ішінде 10-ы найзағайдан, 4 жағдай дала өртінің орманға өтуінен, ал 7 жағдай белгісіз себептерден болған. Облыс аумағындағы мемлекеттік орман иелерінің тарапынан орман өрттерінің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, мектептерде түсіндіру жұмыстары мен дәрістер өткізілед. Ақмола облысының аумағында орман өртін ерте анықтауға арналған үш жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйелер екі мемлекеттік ұлттық парк — Көкшетау және Бурабай аумағында орнатылған.

РКС: Мамандар өз кезегінде тұрғындарды табиғат аясында және тұрмыста өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады. Өрттің алдын алу - әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ