ДИКТОР: Бүгін көкшетаулықтар спорт журналистикасының ардагері, қарымды қаламгер Қалымбек Мұхамеджановты ақтық сапарға шығарып салды. 40 жылдан астам уақытын қазақ журналистикасына арнаған қаламгер 71 жасқа қараған шағында өмірден озды.
РКС: Қалымбек Мұхамеджанов 1955 жылы Айыртау ауданы, Сарыбұлақ ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Жастайынан спортқа бейім болған ол бокстан қала және облыс чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Әскери қызметін Киев әскери округінің спорт батальонында өткеріп, КСРО Әскери кубогының қола жүлдегері атанған. Журналистік жолы 1980 жылы басталды. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, елге адал қызмет етті. «Ақшам», «Хабар» агенттіктерінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, кейін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Ақмола облыстық филиалында 30 жыл табан аудармай еңбек етті.
СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Осы Көкшетау қаласының 3-ші мектебінде бірге оқып едік. Бізден жоғары екі класс оқыды. Мектеп бітірісіменен қолына қалам алып, Торғай өңірінде қызмет істеді. Одан қалды осы өзінің ғұмыры Көкше, Ақмола өңірімен тығыз байланысты. Өзінің қаламының қуатыменен еліміздің Ақмола өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосты. Бұқаралық спорттың, тележурналистиканың дамуына үлес қосты.
СНХ: ГӘККУ БӘЙІШЕВА, «КӨКШЕТАУ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ: Қазақта қара жерге қимайтын адамдар бар деген сөз бар негізі. Қалымбек ағамыз да қара жерге қимайтын адамның бірі болатын. Ол кісіні қатты сыйлап, құрметтеп, жақсы көрдік. Өте ақкөңіл, үнемі жайнап жүретін. Ешкімге жамандығы жоқ. Сондай адам болатын. Қалымбек ағаны журналистика саласына келгеннен бастап білеміз. Оны танымайтын адам жоқ деп ойлаймын. Өйткені ол Көкше өңіріне танымал журналист, қай ауылға барсаң да Қалымбек Мұхамеджановты танимыз деп, жағдайын сұрап жататын. Енді өкінішке орай қайғылы хабар естіп, бәріміз есеңгіріп қалдық.
РКС: Ақтық сапарға шығарып салуға жиналған халықтың қарасы қалың. Қоштасу рәсіміне марқұмның туған-туыстары, дос-жаран, зиялы қауым өкілдері мен әріптестері қатысты. Қоштасу рәсімінде сөз алғандар Қалымбек Мұхамеджановтың тек кәсіби шеберлігін ғана емес, биік адамгершілік болмысын да тілге тиек етті.
СНХ: АМАНБЕК ҚАЛЖАНОВ, ТУҒАН ҚҰДАСЫ: Марқұм Қалымбек Әрнашұлымен 45 жылдай таныспыз. Құда болды, әріптес болдық, қызметте бірге жүрдік. Әрине, ол ақкөңіл, үлкен жүректі азамат еді. Бүкіл Көкше халқы танитын. Оның еңбегі мына телерадиокомпанияға сіңірген, сол сияқты спорт саласындағы жастарды салауатты өмірге жұмыс жасауында үлкен жұмыс жасады. Кеше ғана май айында торқалы 70 жасын тойлаған едік. Әрине, орны толмас қайғы. Қалымбек деген – бірдің бірегей азаматтарының бірі еді.
СНХ: ЕРЖАН МҰХАМЕДЖАНОВ, ТУҒАН ІНІСІ: Бір қанатымнан айырылғандай болып отырмын. Жігтте қандай қасиет бар сол қасиеттің бәрі сол кісінің бойында бәрі бар ғой ол кісі. Көп тәрбие алдық, үлгі алдық. Әрқашанда ақылшы болып, әкемдей болып кеткен ағам еді. Шыншыл, намысшыл, ержүректі еді. Ақкөңіл, ақжарқын, алтын адам еді ағам. Жатқан жері жарық болсын.
РКС: Талай шәкірттің жүрегіне үміт отын жағып, салауатты өмір салтын насихаттаған ардагер ұстаздың еңбегі кейінгі буынның жадында мәңгі сақталмақ. Қаламы мен қайраткерлігі қатар өрілген Қалымбек Мұхамеджановтың нұрлы бейнесі ел есінде мәңгілікке қалары сөзсіз. Қош, болыңыз, Қалаға!
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ