ДИКТОР: Елімізде шілденің әр үшінші жексенбісінде Металлургтер күні аталып өтеді. Осы кәсіби мереке қарсаңында өңірдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына сүбелі үлес қосқан өндіріс озаты мемлекеттік наградамен марапатталды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Кәсіби мереке қарсаңында еліміздің металлургия саласының озат қызметкерлері лайықты түрде марапатталып, олардың жылдар бойы қажырлы еңбегі еленуде. Солардың бірі - ширек ғасырға жуық уақыт осы салада абыроймен еңбек етіп келе жатқан Амангелді Мұстафин. Жиын барысында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өндіріс озатын металлургтер күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Өңірімізден екі азамат осы жоғары мемлекеттік марапатқа лайық деп танылып отыр. Сол себепті Мемлекет басшысының атынан осы марапатты сізге табыстауға рұқсат етіңіз. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АМАНГЕЛДІ МҰСТАФИН, «RG GOLD» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ: Менің осы салада жұмыс істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Бастапқыда жай қара жұмысшыдан бастағанмын. Содан әрі қарай көтерілу үшін қаншама еңбек еттім. Осы құттықтауды ел басшысымыз Қасым Жомарт Кемелович Тоқаев атынан алып отырмын. Ол менің отбасым үшін және менің коллективіме өте биік дәреже. Қазіргі жастарға айтарым, металлургия саласы өте жақсы сала, көтерілуге болады. Металлургия саласындағы жұмысқа мән берсін дегім келеді.

РКС: Тау-металлургия кешені - аймақтың экономикалық әлеуетінің негізгі драйвері. Бұл сала өңірдің индустриялық-инновациялық дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінде аймақтағы металлургия бағытындағы ірі компаниялар – «Алтынтау Көкшетау», «Эр Джи Голд», «Алтын-Алмас», сондай-ақ уран өндірісімен айналысатын «Степногорск тау-химия комбинаты» мен «Семізбай-U» сынды кәсіпорындары мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

СНХ:БАҚЫТЖАН САПАРҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысында бұл бағыт өңір экономикасының маңызды тетігі. Бүгінде өңірде металлургия саласында 10-нан астам кәсіпорын 10 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тау-кен-металлургия кешені облыстың жалпы өнеркәсіп көлемінің 50 пайыздан астамын құрап, аймақтың экономикалық әлеуетінің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Осы айтулы күн қарсаңында барша сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

РКС: Металлургия - ел экономикасының тірегі. Бүгінде бұл салада аянбай еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Олар - ауыр өндірістің алдыңғы шебінде жүрген, еліміздің индустриялық әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан нағыз еңбек ерлері. Осы атаулы күні сала үздіктерінің еңбегі еленіп, жоғары деңгейде марапатталуы - металлург мамандығына деген құрметтің айғағы.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ