ДИКТОР: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова өңірге жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – ерекше білім беруді қажет ететін азаматтарға қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысу. Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Аяла» балабақшасының мамандарымен, Үкіметтік емес ұйым, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен және ата-аналармен кездесті.

РКС: «Аяла» арнайы балабақшасында 3 пен 6 жас аралығындағы 80-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Биыл мемлекеттік мекемені 10 түлек аяқтап шықты. Оның бірі оқуын жалпы білім беретін мектепте жалғастырады. Айта кету керек, балабақша тірек-қимыл аппараты бұзылған және психикалық дамуы тежелген балаларға қызмет көрсетеді. Ғимарат ішінде логопед, дефектолог, психолог кабинеттері, сонымен қатар емдік жаттығулар мен физиотерапия кабинеттері бар.

СНХ: НҰРГҮЛ ТЕМІРБЕКОВА, "АЯЛА" АРНАЙЫ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен тереңдетіп жұмыс жасаймыз. Тек жеке емес, топпен де жұмыс жасаймыз. Бұл жерде "EduQuest" мултимедиалық интерактивті оқыту бағдарламасы ұсынылған. Және сыйқырлы экранмен жұмыс жасауға болады. Бұл бағдарлама Израиль елінде өндірілген. Бұл жерде 5 жастан мектеп алды даярлық топқа дейін, яғни 7 жасқа дейін жұмыс жасауға мүмкіндік бар.

РКС: Физиотерапия кабинеті балаларды сауықтыруда маңызды рөл атқарады. Ол бөлме Англияда жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған.

СНХ: МӘЛИКА ҚАЗРАХМЕТОВА, "АЯЛА" АРНАЙЫ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕДБИКЕСІ: Бұл жерде балаларымызды емдеуге арналған физиотерапия кабинеті бар. Бөлмеде заманауи технологияның барлық талаптарына жауап беретін 5 құрылғы орнатылған. Ол – магнитотерапия, лазерлік терапия, толқынды терапия, электрофорез және ультрадыбыстық терапияға арналған аппарат. Балаларымыз бұл жерде тұрақты түрде емделуден, сауықтырудан және бұлшық еттерін жаттықтырады. Бізде бекітілген тізім бар, күніне 10 бала оңалтудан өтеді. Емделу мерзімі 5-тен 10 күн аралығында. Тізімді физиотерапевтпен келісе отырып, бөлім меңгерушісі бекітеді, содан кейін балалар тексеруден өтеді, кейін физиотерапия жүргізіледі.

РКС: Арнайы балабақшада қазір 50 маман еңбек етсе, оның 28-і педагог. Жұмыс сапары барысында балаларға арналған арнайы көліктің жоқтығы, кадрлық қиындықтар, сондай-ақ жол жамылғысының жай-күйі сияқты өзекті мәселелер көтерілді.

СНХ: ДИНАРА НАУМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Шын мәнінде оқушыларды тасымалдауға қатысты мәселе бар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тасымалдау, сонымен қатар жол мәселесі өзекті. Бұл жерге біз де тез жете алмадық. Мамандарға қатысты яғни кадр тапшылығы мәселесін де білеміз. Ерекше балалармен жұмыс істейтін адам ретінде бұл ретте ерекше көзқарас қажет екенін түсінемін. Орталық басшылары мамандарды тартып, дами алатын ортаны жинап, бірлесе отырып, біраз мәселелерді шешуге тырысуда.

РКС: Бұдан кейін депутат барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және ата-аналармен кездесті. «Қоғамдық келісім» мекемесінде белсенділер ерекше білім беруді қажет ететін балаларды дамыту, көлікпен қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларға жеңілдіктер қарастыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Одан соң Динара Наумова «Алмаз» шипажайының қызметімен танысты. Іс-сапардың мақсаты – мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету талаптарының сақталуын бақылау.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.